Қазақстанда жаңа қала пайда болады

Алматы облысында Алатау қаласы құрылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес Алматы облысы Iле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала қатарына жатқызылсын, - делінген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қаулы жобасында.
Жаңа қалаға Алатау атауы берілмек.
Үкімет «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу туралы» Президент Жарлығының жобасын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына ұсынбақ.
Жетіген – Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл, Жетіген ауылдық округінің орталығы әрі темір жол станциясы.
«Ашық заңды тұлғалар» сайтындағы талқылау 29 қарашаға дейін жалғасады.
