Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелері өзгереді
![Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелері өзгереді Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелері өзгереді](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/141993/1200xauto_S9pH1QIZ9OIjOZFt9sPygMmuvJvOL2XiLzq7FZl4.jpg)
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, 24 наурыздан бастап ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу талаптары жаңартылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа ережелерге сәйкес, IMEI коды жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар бұғатталады.
Министрлік Қазақстанда ұялы телефондар үш деңгейлі жүйе бойынша бөлінетінін хабарлады:
- Ақ тізім – дерекқорға енгізілген және тексеруден сәтті өткен құрылғылар;
- Сұр тізім – қосымша тексеруді қажет ететін, бірақ желіде 30 күнге дейін уақытша жұмыс істеуге рұқсат етілген құрылғылар;
- Қара тізім – қате немесе өзгертілген сәйкестендіру коды бар, зауыттық IMEI коды жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар.
Енді ұялы байланыс операторлары құрылғының сәйкестендіру кодын абоненттік нөмірдің иесінің тіркелген деректерімен салыстырады. Сонымен қатар, құрылғының Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде заңды түрде пайдаланылуын растайтын дерекқорда тіркелгенін тексереді.
Операторлар құрылғы иелеріне олардың құрылғыларының мәртебесі туралы хабарлауға міндетті. Егер құрылғы сұр тізімге енсе, оның заңдылығын растау қажеттілігі туралы ескерту беріледі. Егер иесі белгіленген мерзімде верификациядан өтпесе, құрылғы автоматты түрде қара тізімге көшіріліп, мобильді желіге кіруі бұғатталады.
Тексеру рәсімі:
- Сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы тексеруді аяқтаған соң, теріс нәтиже анықталса, 3 жұмыс сағаты ішінде құрылғы туралы мәліметтерді қара тізімге енгізеді.
- Ұялы байланыс операторларына тиісті хабарлама жіберіледі.
- Оператор құрылғы иесіне байланыс қызметтерінің тоқтатылуы және тыйым салу негіздері туралы хабарлайды.
Сонымен қатар, жөндеуден өткен құрылғылардың тіркелуін бақылау күшейтілді. Уәкілетті қызмет көрсету орталықтарында IMEI-ді ауыстыру кезінде деректер GSMA халықаралық дерекқоры арқылы расталуы қажет.
Бұйрық ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)