Жаңалықтар

Қазақстанда үш кассациялық сот құру – сот жүйесін жаңғыртудың қадамы

Қазақстанда үш кассациялық сот құру – сот жүйесін жаңғыртудың қадамы
Фото: El.kz 14.12.2024 10:00 347

Жақында Қазақстанда сот жүйесін реформалау туралы, оның ішінде үш дербес кассациялық сот құру бастамасы жарияланды. Бұл қадам қоғамда үлкен қызығушылық туғызды. Үш кассациялық сот құру – Қазақстанның сот жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Реформа әділ сот төрелігінің сапасын арттырып, істерді қарау мерзімдерін қысқартады және қоғамның сенімін нығайтады деп күтілуде. Осы өзгерістердің еліміздегі әділ сот жүйесіне қалай әсер ететінін ҚР Сот әкімшілігінің қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Жансая Жоламанқызынан сұрап білдік.
 
El.kz: Жансая Жоламанқызы, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда үш жаңа кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Бұл реформаның негізгі мақсаты қандай?
 
Жансая Жоламанқызы: Еліміздің президенті 2024 жылғы 21 қарашада № 13-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды. ​Заңға сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша үш кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Кассациялық саты сот ісін жүргізудің құрамдас бөлігі бола отырып, Қазақстанның әділет жүйесінде әрқашан болған. Бұрын оның функцияларын облыстық соттар атқарған, олар апелляциялық саты болып та табылатын.
 
Уақыт көрсеткендей, мұндай модель тиімсіз болды. Сондықтан кассациялық сот өндірісі Жоғарғы сотқа берілді. Алайда, көптеген шет елдердегідей, Жоғарғы соттың негізгі функцияларының бірі – нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот тәжірибесін талдау және қорыту және сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету. Бұл жұмыс бағыты көп күш пен уақытты қажет етеді. Осыны ескере отырып, шешім қабылдауда тәуелсіз және дербес болатын кассациялық соттар сияқты жаңа құрылым құру туралы шешім қабылданды.
 
Сот ісін жүргізудің әрбір түрі бойынша бір кассациялық сот құрылады, яғни, қылмыстық істер бойынша бір кассациялық сот болады.
 
El.kz: Жаңа кассациялық соттардың ерекшеліктері қандай?
 
Жансая Жоламанқызы: Жаңа соттар іс бойынша түпкілікті шешім шығаратын сот жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл ретте Жоғарғы сот сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайтын болады. Ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – жаңа соттар елордада жұмыс істейді. Бұл олардың тәуелсіздігінің қосымша кепілі болады. Бұдан басқа, жаңа соттардың ең маңызды ерекшелігі – олар өз функцияларын «бірыңғай кассациялық» қағидаты бойынша орындайды. Яғни, шағымдарды алдын ала қарау тәртібі жойылады, шағым өндіріске дереу қабылданады және мәні бойынша қаралады. Осылайша, әрбір адам өзінің ісін бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыда қарату құқығына ие болады.
 
El.kz: Бұл жаңа модельдің сот процесіне әсері қандай болады деп ойлайсыз?
 
Жансая Жоламанқызы: Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні арыздардың шамамен 5%-ы ғана кассациялық тәртіпте қаралады. Жаңа модельде бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді. Бұл, өз кезегінде, сот төрелігінің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты сенімін күшейтеді. Сонымен қатар, жаңа модель жұмыс көлемінің ұлғаюына әкеледі, бірақ бұл реформа кассациялық сатыдағы бар кедергілерді біртіндеп жоюға мүмкіндік береді.
Осылайша, кассациялық реформа, ең алдымен, азаматтардың соттық қорғауға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған.
 
El.kz: Жаңа соттар тек Астанада жұмыс істейді екен. Бұл шешім неліктен қабылданды?
 
Жансая Жоламанқызы: Кассациялық соттарды елордада шоғырландыру – олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл шешім орынды әрі азаматтардың да қабылданатын шешімдерге сенімділігін арттырады. Сондай-ақ, бұл модель халықаралық тәжірибеге сай келеді.
 
El.kz: Осы реформа сот тәжірибесінің біркелкілігін қалай қамтамасыз етеді?
 
Жансая Жоламанқызы: Жаңа кассациялық соттар іс бойынша түпкілікті шешім шығаратын орган ретінде жұмыс істейтін болады. Ал Жоғарғы соттың негізгі міндеті – нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот тәжірибесін талдау және қорыту, оның біркелкілігін қамтамасыз ету. Яғни, әрбір соттың шешімі ел көлемінде біртұтас сот тәжірибесін сақтауына ықпал етеді. Бұл да азаматтардың сотқа деген сенімін нығайта түсетініне сенім мол.
 
El.kz: Аталмыш бастама қашан толық аяқталады деп жоспарланып отыр?
 
Жансая Жоламанқызы: Реформаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Осы уақыт аралығында біз кассациялық соттардың жұмысын жетілдіріп, сот төрелігінің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істейміз.
 
El.kz: Соңғы сұрақ, бұл реформаның ел азаматтары үшін пайдасы қандай?  Азаматтардың сот жүйесіне деген сеніміне қаншалықты әсер етеді?
 
Жансая Жоламанқызы: Ең алдымен, реформа азаматтардың құқықтарын қорғауға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған. Әр адамның өз ісін үш сатыда қаратуға толық мүмкіндігі болады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудағы жаңа кезеңнің бастауы деп білемін. Сот жүйесіне деген сенім – басты фактордың бірі.
 
El.kz: Жансая Жоламанқызы, қызықты әрі пайдалы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға