Қазақстанда УЕФА Конференция лигасының финалы өтуі мүмкін
![Қазақстанда УЕФА Конференция лигасының финалы өтуі мүмкін Қазақстанда УЕФА Конференция лигасының финалы өтуі мүмкін](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/141945/1200xauto_e6YGE9kviWYXYGQQqySXv9ggzVvqnKwqOdleZq89.jpg)
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаров ресми сапармен Швейцарияның Ньон қаласына барып, УЕФА басшысы Александер Чеферинмен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Федерация мәліметінше, кездесу барысында Марат Омаров Чеферинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. УЕФА басшысы бұл ұсынысты қабыл алып, 2025 жылы Орталық Азияға алғаш рет келуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Қазақстанда ірі еуропалық турнирлерді өткізу мүмкіндігі талқыланды. ҚФФ елімізде Еуропа жастар чемпионатын және Алматы мен Астанада УЕФА Конференция лигасының финалын өткізу туралы ұсыныстар жасады.
Кездесу қорытындысы бойынша УЕФА Қазақстан футболын дамытуға толық қолдау көрсететінін айқындады. Бұл инфрақұрылымды жақсарту, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, ішкі чемпионаттардың деңгейін көтеру, инвестиция тарту және заманауи футбол технологияларын енгізу мәселелерін қамтиды.
УЕФА және ҚФФ президенттері Қазақстан құрамалары жайлы сөйлесіп, жастар командаларының дамуы мен клубтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Әсіресе, еуропалық үздік стандарттарды қазақ футболына енгізу мәселесіне баса назар аударылды. Бұл қадам футболшылар мен бапкерлердің спорттық дайындығын жақсартып, олардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Отандық клубтардың Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, Конференция лигасы секілді халықаралық турнирлерге қатысуы – негізгі талқыланған тақырыптардың бірі болды. Өйткені бұл жарыстар қазақ футболшыларының шеберлігін арттырып, елдегі футболға қызығушылықты күшейтуге септігін тигізеді.
Сапар барысында Марат Омаров УЕФА төрешілер комитетінің басшысы Роберто Розеттимен де кездесті. Келіссөздер нәтижесінде ҚФФ төрешілер департаментінің директорын тағайындау бойынша арнайы кеңесшілер тобы жіберілетін болды.
Сонымен қатар, УЕФА «Hat-Trick» бағдарламасы аясында ҚФФ-ның жаңа инфрақұрылымдық бастамаларына толық қолдау көрсететін болды.
Қазақстан футбол федерациясы мен UEFA Foundation арасындағы әріптестік әлеуметтік және инклюзивті жобалар бойынша жаңа серпін алады. Көру қабілеті нашар балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бастамаларды бірлесіп дамыту туралы келісім жасалды. УЕФА әйелдер футболын дамыту бағытындағы ҚФФ жобаларына толық қолдау көрсететін болды.
Сапар қорытындысы бойынша, Қазақстанның алдағы төрт жыл ішінде халықаралық турнирлерді өткізуге дайындығы туралы жоспар бекітілді.
Бұл кездесу Қазақстан үшін аса маңызды. УЕФА-мен тығыз байланыс орнату елімізді еуропалық футбол процесінің белсенді қатысушысына айналдырып, қазақ футболының әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға ықпал етеді.
Марат Омаровтың Ньонға сапарының оң әсерін жақын арада тек отандық футбол функционерлері емес, жанкүйерлер, балалар футбол мектептері мен футбол орталықтары да сезінетін болады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)