Жаңалықтар

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен пайда болады

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен пайда болады
Фото: t.me/KZgovernment 04.09.2024 13:13 333

Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.

Негізгі заң жобасы арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Ол тұтынушыларға консультациялық көмек көрсетуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, сондай-ақ өзге де функцияларды орындауға құқылы болады. Оны қызметке тағайындау және қызметтен босату уәкілетті орган (Сауда және интеграция министрлігі) басшысының құзырында болады. Омбудсмен 4 жыл мерзімге сайланады және өз қызметін ерікті негізде (ақысыз) жүзеге асырады, - деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және шектейтін жағдайларды шарттарға енгізуге жол бермеу жоспарланып отыр. Олардың саны 10-нан асады. Олай болмаған жағдайда шарттар жарамсыз деп танылады, ал мәміленің жарамсыздығы сот арқылы белгіленеді. Сонымен қатар министрдің сөзінше, сотқа дейінгі сатыда тұтынушылардың талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады.

Жаңа заң жобасы тұтынушылардың шағымдарымен жұмыс істеу жүйесін жеңілдетеді. Енді олар өз құқықтарын қорғаудың жолдарын таңдай алады. Мысалы, тікелей сотқа талап арыз беру, сатушыны жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға хабарласу немесе арбитражға, медиаторға немесе қоғамдық тұтынушылар бірлестіктеріне, қауымдастықтарға, омбудсменге жүгіну. Бұл ретте құқықтары бұзылған және мәселесі сотқа дейінгі сатыда шешілмеген тұтынушылардың пайдасына кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі енгізіледі. Тұтынушының талаптарын өз еркімен орындамаса, сот сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) айыппұл өндіріп алады. Айыппұл талап арыз сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін (талап сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл соғұрлым көп болады). Бұл норма кәсіпкерлерді сотқа дейінгі кезеңде заң бұзушылықтарды өз еркімен жоюға ынталандырады, - деді ол.

 Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, онлайн-саудада да тұтынушылардың құқықтары қорғалатын болады.

Заң жобасына онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелері енгізіледі. Осыған байланысты электронды сауда алаңдары сатушыларды электрондық сауда алаңына жіберудің ішкі рәсімдерін қамтамасыз етуі тиіс. Оның аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын сақтау бойынша келісімдер жасалады. Сатушының үстінен тұтынушы шағымы түскен кезде электронды сауда алаңы тұтынушының құқықтарын қалпына келтіру шараларын қабылдауы керек, - деді министр.

Бұл ереже уәкілетті органға сауда қызметін реттеу заңнамасын бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сатып алушыға тауар, кепілдік міндеттемелері және талап қою тәртібі туралы қажетті ақпаратты беруден бас тартқаны үшін кәсіпкерлерге 6-дан 30 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал жеке тұлғаларға ескерту беріледі немесе 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға