Қазақстанда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтеді
Әлем чемпионаты 21-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ADD спорт кешенінде 15 және 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында өтеді. Оған әлемнің 20 елінен келген спортшылар рапид және блиц түрлері бойынша сайысқа түседі. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Былтырдан бастап Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен жыл сайын 9 қыркүйек күні «Тоғызқұмалақ күні» деп белгіленген. Осыған орай биыл 9 қыркүйекте ұлттық ойын Қазақстанның рекордтар Гиннес кітабына ену бойынша Алматы қаласында ауқымды іс-шара өткіземіз, - деді ол.
Бұл іс-шарада Алматы қаласының 2500-3000-ға жуық жоғары сынып оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ жарысына қатысатын болады. Біріншілік ашық аспан астында Тұңғыш Президент паркінде өтеді.
Жақында Республикалық және Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясы еліміздің 20 аймақтық федерациясының шешіміне сәйкес Алматы қаласы тоғызқұмалақ астанасы атанды, - деді ол.