Қазақстанда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді – Светлана Жақыпова
ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді орындау бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кәсіби кадрларды даярлау жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады.
Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыспен қамтылғандардың үлесі жалпы жұмыспен қамтылғандар санының 49%-на жетіп, 17 пайыздық тармаққа ұлғайды. Экономика салалары бөлігінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлердің ең көп саны сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау салаларында басым болып, жалпы саны 2,5 млн адамға жетті.
Дегенмен, еңбек нарығында кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге сұраныс өзекті болып қала береді. Техникалық білімі бар жұмысшыларға күтіліп отырған сұраныс жоғары білімі бар қызметкерлерге қарағанда айтарлықтай жоғары (70%). 2030 жылға дейін кадрларға сұраныс 1,8 млн адамды құрайды, оның 1 млн-ға жуығынан техникалық білім талап етіледі.