Жаңалықтар

Қазақстанда спорттық және туристік инфрақұрылым жаңғыртылады

Қазақстанда спорттық және туристік инфрақұрылым жаңғыртылады
Фото: Үкімет 16.02.2023 10:14 1154

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дене тәрбиесі және спортты, сондай-ақ туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобалары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Тұжырымдамада азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға баулу, жоғары кәсіби спорттық резервті қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту жөніндегі шаралар қарастырылғанын баяндады. 

Атап айтқанда, қалаларда қолжетімді жерлерден жаңа спорттық инфрақұрылымдық нысандарды (жүгіру және велосипед жолдары, спорттық алаңдар), өңірлерде бұқаралық спорт орталықтары мен ауылдық жерлерде модульдік спорт ғимараттарын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қатысуға ниет білдірушілерді кеңінен тартып және өткізілу кестесін медиа кеңістікте хабарлай отырып, спорттық-бұқаралық шаралар мен спартакиадалар өткізуге де назар аударылатын болады.

«Қазір көптеген қалаларда үйлердің аулаларында балалар мен ересектер дене тәрбиесімен шұғылдана алатын спорт алаңдары пайда болып жатыр. Бұл – ел ішінде кеңінен таралып жатқан жақсы тәжірибе. Біз базалық спортты бәріне бірдей қолжетімді ету үшін осындай ғимараттар тұрғызуды жалғастыра беруіміз керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Кеңесте атлетшілерді дайындаудың заманауи әдістерін енгізу және спорттық медицинаның сапасын жақсарту жоспарланып отырғаны да атап көрсетілді. Бұл жұмыс алдағы жылдары Париж-2024 және Милан-2026 Олимпиада ойындарына дайындық бағдарламалары аясында жүргізілетін болады.  

Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турдестанициясында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерлету және т. б. шараларды іске асыру көзделіп отыр, 

Атап айтқанда, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдарды салу және қайта құрылымдау, демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Шучье-Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару станцияларын салу және т. б. іс-шаралар қарастырылып отыр.  

Сонымен қатар жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік қызметтерді цифрландыру, қонақ үй бизнесінде және саланың басқа секторларында стандарттарды арттыру жөнінде жұмыс жүргізіледі. 

2030 жылға дейін барлық шараларды іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді – 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды – 800 мың адамға дейін арттыру, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу көзделіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға