Жаңалықтар

Қазақстанда соңғы 22 жылда тұрғын үй бағасы қалай өзгерді?

Қазақстанда соңғы 22 жылда тұрғын үй бағасы қалай өзгерді?
Фото: matritca.kz 16.03.2023 09:47 5088

Құрылыс және сәулет қазақ ғылыми зерттеу және жобалау институты 2000 жылдан 2021 жылдар аралығындағы тұрғын үй бағасының өзгеруіне шолу жасады. Институт мамандарының деректеріне қарағанда, 2000 жылы қалалардағы жаңа үйдегі пәтердің әр шаршы метрі орта есеппен 21 мың теңге, ескі үйдегі, яғни екінші нарықтағы шаршы метр бағасы 8 мың теңге тұрған.

Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өсуі 2004 жылдан бастау алған. Өйткені елімізде осы жылдан бастап жаңа тұрғын үйлердің нарығы қалыптасып, баға айтарлықтай өсе бастаған. Мәселен осы жылы жаңа тұрғын үй кешеніндегі әр шаршы метрдің құны орта есеппен 70 мың теңгені құраса, екінші нарықтағы баға шаршы метріне 40 мың теңгеге жетіп үлгірген.

Бағаның күрт өсуі 2007 жылы тіркелген. Бұл жылы жаңа үйдегі шаршы метрдің құны 161 мың теңгеге шарықтаса, екінші нарықта 136 мың теңгені құраған.

«Мұнан кейін тұрғын үй бағасының күрт өсуі 2015 жылы айтарлықтай болды» дейді сарапшылар.  Бұл жылы жаңа үйдегі шаршы метр бағасы орта есеппен 258 мың теңгеге жетсе, екінші нарықта 190 мың теңге болған.

Дегенмен 2016 жылдан 2018 жыл аралығындағы әлемнің қаржы жүйесін шайқаған дағдарыс кезінде Қазақстандағы тұрғын үй бағасының да төмендегенін айту керек. Дегенмен соншама көп те емес. Тіпті мұны қарқынмен өсіп келе жатқан бағаның сәл артқа шегінуі деп айтсақ та болады. Өйткені 2018 жылы жаңа тұрғын үйлердегі шаршы метрдің бағасы 267 мың теңгені құрағанда, ескі үйдегі баға 186 мың теңге болған.

Мұнан кейін тұрғын үй бағасының күрт өсуі 2019 жылдан бастап тіркелді. Осы жылы жаңа үйдің шаршы метрі жаңа 294 мың теңгеге жетсе, екінші нарықта 200 мың теңгені құрады.

Ал 2021 жылдың қаңтар айындағы мәліметтер бойынша, бұл бағалар тиісінше 319 мың теңге және 245 мың теңге деңгейінде қалыптасты.

Тұрғын үйлердегі пәтерлерді сатып алуға деген сұраныстың айта қаларлықтай артуы мен әлемдік құрылыс нарығындағы өзгерістерге байланысты осы кезеңнен бастап құрылыс материалдары бағасының өсуі де назар аудартып отыр.

Ал 2022 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан қалаларындағы жаңа тұрғын үйлерде 1 шаршы метрдің бағасы 330 мың теңгені құраған. Екінші нарықтағы үйлерде 290 мың теңге болған.

Әрине, мұндағы сөз болып отырған бағалар – Қазақстан қалаларындағы орташа бағалар. Кейбір қалаларда баға бұдан да қымбат немесе төмен болуы әбден мүмкін екендігін еске саламыз.

2021 жылдың соңында тұрғын үй мәселесімен қатысы бар кейбір шенеуніктер мен нарықтың сарапшы мамандары «2022 жылдың көктемінен бастап елімізде тұрғын үй бағасы төмендеуі тиіс. Өйткені бағаның  өсіміне әсер еткен зейнетақы қаржысын пайдалану тоқтатылады. Бұл нарықтағы сұраныстың азаюына әкеледі» деген болжам жасаған еді.

Көріп отырғанымыздай, мұндай болжамдар өзін көп ақтаған жоқ.

Ал тұрғын үй нарығындағы биылғы баға қалай қалыптасады? Мұны уақыт көрсетер.

Сонымен біз 2000 жылдан бері Қазақстан қалаларында жаңа тұрғын үйлер бағасы 21 мың теңгеден басталып, былтырғы жылы 330 мың теңгеге дейін өскенін көріп отырмыз. Яғни соңғы 22 жылда жаңа тұрғын үйдегі пәтерлер бағасы орта есеппен 15 есе өскен.

Ал екінші нарықтағы, яғни пайдаланылуда болған (ескере кететін бір мәселе – олардың да ескісі мен жаңасы болуы әбден мүмкін) үйлердегі әр шаршы метрдің бағасы 2000 жылы 7 мың теңгеден басталып, 22 жылдың ішінде 290 мың теңгеге дейін өскен. Өсім 35 есені құрап отыр. Себебі, еліміз ұзақ жылдарғы дағдарыстан енді ғана еңсе тіктеген 2000 жылдары жаңа үйлердің тым сирек салынғандығын, сондықтан олардың бағасы ескі үйлерге қарағанда еселеп қымбат болғанын еске алып қойсақ, артық болмас. Мұнан  кейінгі жылдары ескі үйлер мен жаңа үйлердегі баға алшақтығын қалыптасқан тұрғын үй нарығының өзі ретке келтіргені белгілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға