Қазақстанда Сингапур Республикасының Құрметті Консулдығы ашылды
Астанада Сингапур Республикасының Құрметті Консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрметті Консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Сингапур Республикалары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Консулдық екіжақты экономикалық, мәдени және дипломатиялық байланыстарды дамытуға қолдау көрсетіп, сондай-ақ Қазақстан аумағында жүрген Сингапур азаматтарының мүдделерін қорғауға ықпал етеді.
Қазақстандағы Сингапур Республикасының Құрметті Консулы болып Талғат Чиникеев тағайындалды. Оның қызметі екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған. Бүкіл Қазақстан аумағын қамтитын Құрметті Консулдық экономика, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамыту міндетін өз мойнына алады.
Фото: El.kz/Миражан Махан
Қазіргі таңда Қазақстан – Орталық Азиядағы біздің ең ірі сауда әріптесіміз. Сингапурда 100-ден астам қазақстандық компаниялар тіркелген және Қазақстанға кіретін сингапурлық компаниялардың саны артып келеді. Соның ішінде – Surbana Jurong және PSA International бар. Табиғи ресурстарға бай және Орталық Азияға жол ашар ел ретінде Қазақстан Сингапурға мол мүмкіндіктер ұсынып отыр. Сонымен қатар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және мәдени алмасу сияқты салалардағы ынтымақтастығымызды тереңдетудің де мүмкіндіктері мол. Сингапур азаматтарына маңызды консулдық қызметтер мен қолдау көрсетіп, екіжақты байланыстарды нығайтуға, сауда және инвестициялық ағындарды күшейтуге және адамдар арасындағы байланысты ілгерілетуге үлес қосады, - деді Сингапурдың Қазақстандағы елшісі Зулкифли Бахарудин салтанатты ашылу рәсімінде.
Фото: El.kz/Миражан Махан
Салтанатты шарада Құрметті Консул Талғат Чиникеев те екі ел арасындағы байланыс туралы айта кетті.
Ең алдымен екі ел арасындағы берік достық пен өсіп келе жатқан серіктестікті назарға ала отырып, Сингапурдың атынан өкілдік етуді және оның Қазақстандағы экономикалық және мәдени мүдделерін ілгерілетуді мақтан тұтамын. Екі мемлекет екіжақты қарым-қатынастың берік негізін қалаған даму мен өзара сыйластыққа деген ортақ түсінікті бөліседі. «Алға Сингапур» және «Әділ Қазақстан» концепцияларының қоғамды берік және тату ұстау, сондай-ақ дамудың жетістіктерімен, барлығымен бөлісу сияқты стратегиялық нұсқаулар мен жалпыұлттық құндылықтар ретінде көптеген ұқсастықтары бар. Өз тарапымнан мен екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және халықтарымызды жақындастыратын бастамаларды қолдауға ниеттімін, - деді Сингапурдың Қазақстандағы Құрметті Консулдығы Талғат Чиникеев.
El.kz/Миражан Махан
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та бұл ізгі бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Алматы қаласында Қазақстандағы Сингапур Республикасының Құрметті Консулының филиалы жұмыс істейтін болады.