Қазақстанда шомылу маусымы аяқталды

Қазақстанда шомылу маусымы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Елімізде 1 маусымнан 31 тамызға дейін суға түсу маусымы ресми түрде үш айға созылады. Осы жаз мезгілінде ведомствоның құтқарушылары судан 136 адамды құтқарды, оның 51-і – балалар. 177 адам суға батып кетті, оның ішінде 53-і – кәмелетке толмағандар. Өткен 2022 жылғы шомылу маусымында су айдындарында 184 адам көз жұмса, (-4%), соның ішінде 62-сі – кәмелетке толмағандар (-15%).
Суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда шомылған. Судағы өлімнің негізгі себептері – өз күштерін асыра бағалау, мас күйде шомылу, жүзе алмау. Ал балалардың суға кетуінің басты себебі – ересектердің оларды қараусыз қалдыруы, - дейді ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Айта кетейік, жалпы республика бойынша шомылуға рұқсат етілген 612 орын бар. 4285 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, демалысқа тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген.
