Жаңалықтар

Қазақстанда робототехника қалай дамып жатыр?

Қазақстанда робототехника қалай дамып жатыр?
Фото: Жеке мұрағаттан 19.10.2023 13:00 5477

Робототехника – болашақтың емес, бүгінгі күннің құралына айналды. Әлемде қоғамның әртүрлі салаларында роботтар кеңінен пайдаланылады. Мәселен, дроньдар түсірілім жасап,  роботтар космосты зерттеп жатыр. Өркениеттің маңызды жетістігін пайдаға жарату – заман сұранысы. Ең маңызды жайттардың бірі – қазіргі таңда робототехниканы тек ғалымдар ғана емес, оқушылар да игеріп жатыр. Оған қазақстандық оқушылардың әлемдік чемпионаттардағы жетістіктері – дәлел. Елімізде роботехниканы жетік меңгерген, талантты балалар аз емес. Солардың бірі – Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы – Иманәлі Көксал.

Ол болашақта елімізде роботехниканы дамытып, көшін бастаймын деп отыр. Осы мақсатпен төрт жылдан бері өзін жетілдіріп келеді. Қазірдің өзінде қол жеткен жетістіктері де жоқ емес. Ол командасымен бірге әлемдегі роботехника бойынша ең беделді байқау саналатын First Global Challenge байқауында 190-нан астам елден келген қарсыластарының ішінен топ жарып шықты.

Робототехника – Қазақстанда енді ғана жанданып келе жатқан үлкен индустрия. Зерттеушілердің пікірінше, елімізде алдағы 5-10 жылда сервис, логистика және транспорт, машина жасау өнеркәсібінде робототехника кеңінен қолданыла бастайды. Сол уақытта қазір осы салада өзін жетілдіріп жүрген жасөспірімдер нарықтағы сұранысқа ие мамандар болады. Бір қуантарлығы, елімізде бұл сала оқушылар мен жасөспірімдер арасында трендте. Олардың қызығушылығы жоғары. Сондықтан елде «қазақстандық робототехник» ұлттық брендін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр.  Иманәлі Көксал осы пікірмен келісетінін айтады.

Қазақстандағы роботехниканың дамуы өте жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Өйткені біз өндірісте роботехниканы кеңінен тұтынып отырған жоқпыз. Бірақ жаман деңгейде де емес. Себебі біз дамыған елдердің балаларымен ашық бәсекеге түсе аламыз. Кейде олардан да асып түсетін жақтарымыз бар. Батыс Еуропадан қатты кейін қалып қойдық деуге негіз жоқ. Тек біздің елімізде бұл сала енді ғана дамып жатыр. Әсіресе, жасөспірімдерде қызығушылық жоғары. Біз осы жағынан ұтып жатырмыз деп ойлаймын. Жаңадан қалыптасып келе жатқан жақсы тенденцияны үзіп алмай жалғастыратын болсақ, 10-20 жылда Қазақстанда бұл сала қарыштап дамып, пайдасын көреміз. Роботехника дамыса, ақпараттану, ақпараттық технологиялар, ғылым, білім дамиды, - деді Иманәлі.

Ол робототехниканың өмірімізге кеңінен енуінен қорқудың қажеті жоқ екенін айтады. Бұл адамдар сұранысқа ие болмай қалады деген сөз емес. Өндірісте адамдар жұмыс күші ретінде емес, ақыл-ой, шығармашылық жұмыспен айналысады. Бүгінде роботехника саласында философиялық сұрақ көп. Бұл адамзатқа қандай пайда әкеледі? Қандай зияны тиюі мүмкін? Бұған дейінгі қалыптасқан жүйеге зиян ба? Қалай десек те, бұл жаңалық өмірімізге енді. Біз оны жойып жібере алмаймыз. Одан гөрі өзімізге пайдалы етуге назар аударғанымыз дұрыс дейді ол. Жас өнертапқыш осы бір пайдалы хоббимен шұғылданғалы бері сыни және стратегиялық ойлау қабілеті дамығанын айтады. Робототехника – балаларға жүйелі білім беретін, бағдарламалауға үйрететін, инженерия негіздеріне баулитын сала.

Робототехника адамның ойлау функциясын өзгертеді. Стратегиялық ойлауға үйретеді. Мәселен, үлкен бір мақсаты бар тапсырма болуы мүмкін. Осы тапсырманы бірнеше бөлікке бөліп орындау оны біршама жеңілдетеді. Критикалық, стратегиялық ойлау дағдысын қалыптастырады. Роботехника адам өмірін жақсартып, жеңілдетеді. 7-сыныптан бері роботехникаға қызығамын. 4 жыл уақыт ішінде көп нәрсені үйрендім, - деді ол.

Біз Иманәліден елімізде роботехниканы бұдан да жоғары деңгейде дамыту үшін не істеуге болатынын сұрадық. 

Роботехниканы мектептерге міндетті пән ретінде енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені роботехника – көптеген ғылымдардың басын біріктіретін сала. Мәселен, математика, физика, бағдарламалау, информатика, инженерия. Техникалық ғылымдарға бейімі бар балалар мықты роботехник болады. Немесе керісінше айтуға да болады. Роботехниканы жақсы меңгерген балалардың техникалық ғылымдарға дағдылары қалыптасады. Күрделі логикалық бағдарламалар жасай алса, код жаза алса, физика заңдарын жақсы меңгерсе, ол сөз жоқ осы салада жетістікке жетеді, - деді Иманәлі.

Иманәлі бізге 190 елден командалар келген First Global Challenge байқауы туралы да айтып берді.

Байқау бізге оңай болған жоқ. Өйткені біздің қарсыластарымыз мықты болды. Еуропалық, америкалық командалардың роботтары жақсы жасалды. Бірақ стратегиялық жағынан роботтарымызды жетілдірдік. Осы себептен де 1-орынды біз алдық. Мұндай чемпионаттардың маған ұнайтын тұсы – әлемнің түкпір-түкпірінен достарым бар. Біз осындай олимпиадалар кезінде бас қосамыз, бір-бірімізбен достығымызды одан әрі нығайтамыз. Біздің роботымыз осы маусымдағы допты жинау деген функцияны атқара алады. Үлкен және кішкентай доптарды сұрыптау және контейнерге салып, тасымалдайды. Осы әрекетті екі минут уақыт ішінде жасау керек, - деді ол.

Сондай-ақ ол болашақта start up жобаларды ашып, еліміздегі ақпараттық технологиялар саласын дамытуға үлес қосқысы келеді. Айтуынша, өзі барып келген Сингапурде ақпараттық технологиялар жоғары деңгейде дамыған. Біздің олардан үйренеріміз көп екен.

Айта кетейік, Қазақстанда 3 мыңнан астам роботехника кабинеттері бар. Осы саладан 2 мыңнан астам мұғалім білімін жетілдіріп, курстардан өткен. Соңғы 3 жылда елімізде роботехникаға ерекше назар аударылып жатыр.  Президент өз Жолдауында маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру екенін атап өтті.

Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға