Қазақстанда құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру әрекеті тоқтатылды

ІІМ және ҰҚК қызметкерлері Бас прокуратураны үйлестіру және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерін күшпен қолдау кезінде Абай және Жетісу облыстарының, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының аумағында құрамында алтыны бар материалдарды заңсыз өндірумен және өңдеумен айналысатын бес кәсіпорынның қызметіне тосқауыл қойды.
- Тексеру барысында бұл компаниялардың тек геологиялық барлау жүргізуге лицензиялары бола тұра, арнайы техника мен өндірістік жабдықтарды пайдалана отырып, алтын құрамды кенді кең көлемде заңсыз өндіргені анықталды.Жүргізілген тінту шаралары барысында 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна сұйық кен (пульпа), 120 тонна селитра, сондай-ақ жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленді. Сонымен қатар оқиға орындарынан 45 бірлік арнайы техника алынды. Полицияға 62 адам, оның ішінде бірнеше ЖШС директорлары мен құрылтайшылары жеткізілді, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы фактілері бойынша бес қылмыстық іс тіркелді. Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталды.
