Жаңалықтар

Қазақстанда қауіпсіздік талабына сай емес көліктердің шығарылуына тыйым салынған

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті
Қазақстанда қауіпсіздік талабына сай емес көліктердің шығарылуына тыйым салынған
Фото: Үкімет 16.11.2022 15:25 1988

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 22 қазандағы №843 қаулысының, атап айтқанда «ҚР аумағында өндірілетін жекелеген доңғалақты көлік құралдарына қатысты міндетті талаптарды қолдану және олардың сәйкестігін бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» нормаларының қате таралуына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған құжаттың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz

Бұл қаулы ЕАЭО елдері қол қойған «Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылдың 5-ші сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданды.

Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпанына дейінгі заңды күші бар қаулысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жастықтарымен жабдықталмаған және экологиялық санаты төмендетілген автокөліктерді шығаруға тікелей құқық бермейді.

Тиісті жүйелермен жабдықталмаған автомобильдерді шығаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір компоненттерді орнатпауына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттаудан өткізіп, оның қауіпсіз болуы міндетті. Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімдерінде қарастырылған. Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарыла алмайды. Сондықтан өндірушілер «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтап келеді.

Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі медиа-кеңістікте тексерілмеген дәйексіз ақпаратты таратуға сақ болуға шақырады. Себебі оған заң жүзінде тиісті жауапкершіліктің бар екенін ескертеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға