Жаңалықтар

Қазақстанда қатарынан екінші аптада азық-түлік бағасы өскен жоқ

Қазақстанда қатарынан екінші аптада азық-түлік бағасы өскен жоқ
Фото: ҚР СИМ 27.06.2023 10:00 1014

Премьер-министр орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қызылорда облысында сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың, әкімдердің орынбасарлары мен еліміздің барлық облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары төрағаларының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу мәселелері бойынша апта сайынғы жедел кеңесті өткізді. Бұл туралы ҚР СИМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бағаны тұрақтандыру, белгіленген бағаларды орнату мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық қаржыландыру, экспортқа бағдарланған компанияларды қолдау және т.б. алгоритмдер талқыланды.

Қолжетімді бағамен қолжетімді өнімдер

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне нөлдік өсім Қазақстанда екінші апта қатарынан тіркеліп отыр. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұтыну бағаларының жалпы индексі 4,3% құрады және бұл жақсы көрсеткішті жарты жылдықтың соңына дейін сақтау қажет. Бағаның тұрақтылығына ӘМАТ тобының неғұрлым проблемалы тауарлары бойынша нақты жұмыс арқылы қол жеткізілді, - деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, жекелеген өңірлерде дефляция және ӘМАТ бағалар индексінің төмендеуі байқалады.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрінің айтуынша, қазіргі уақытта әкімдіктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациялар (ӘКК) арасында жасалған келісімшарттарға талдау жүргізілуде, оларды бағаны тұрақтандырудың жаңа алгоритміне тарту үшін неғұрлым белсенді, әлеуметтік бағдарланған өндірушілер анықталуда. Баға индексі ең жоғары өсімді беретін тауарлар үшін – сиыр еті мен жұмыртқа – Сауда және интеграция министрлігінде «айналым схемасы» шеңберінде өндірушілерге қарыз беру тетігі әзірленді. Қорлардың көлемін өткізу тек өндірушілермен шарттарға қол қою арқылы – сатып алу бағасына да, бөлшек сауда бағасына да шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне бағаны белгілеу шартымен жүзеге асырылуы керек.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков күзгі-қысқы кезеңге арналған өнімдердің өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың нәтижелерін баяндады. Тұрақтандыру қорларында көлемі 94,5 мың тонна күзгі картопты, 27,4 мың тонна сәбізді, 27,7 мың тонна пиязды, 19,1 мың тонна қырыққабатты жеткізуге шарттар жасалды.  

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, форвардтық шарттар жасасу мүмкіндігі үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілді, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, ұн және қант өндіру үшін форвардтық қаржыландыру енгізілді.

Форвардтық қаржыландырудың алдын ала сомасы 18,7 млрд теңгені құрайды. ӘКК шоттарында осы мақсаттарға бағытталуы мүмкін 35,6 млрд. теңге бар. Бағдарламаға көбірек өндірушілерді тарту және делдалдарды алып тастау үшін қаржыландырудың 70% тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бөлінетін болады, – деп атап өтті Ербол Тасжүреков.

Нарықтарды жаңғырту мәселесі бойынша  

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Республикасындағы сауда базарлары қызметінің жаңа ережелері ағымдағы жылдың сәуір айында шыққанына қарамастан, осы уақыт ішінде Сауда және интеграция ми нистрлігімен еліміздің барлық 20 өңірінде базар иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді және бұл жұмыс жалғасуда екендігін хабарлады. 

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін салу, кеңейту, жаңғырту жобалары бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Алайда, бүгінгі күнге дейін бизнестен осы мақсаттарға мемлекеттік қолдау алуға бірде-бір өтінім түскен жоқ.

Бұл ретте 2023 жылға 15 базарды жаңғырту жоспарланған: Алматы қаласында – 6, Шымкент қаласында – 1, Жамбыл облысында – 2 және Түркістан облысында – 6. Қазіргі уақытта өңірлерде жаңғырту жұмыстары жол картасында белгіленген мерзімдерден артта қалып отыр.

Өңірдің экспорттық әлеуеті

«QazTrade» АҚ бас директоры Рустам Асулбек Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамыту туралы айтты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өңделген өнімінің тауар айналымы 323 млн долларға жетті, оның 143 млн доллары экспортты құрады.

Бүгінде біздің міндетіміз – Қызылорда облысының шағын және орта бизнес өкілдерінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру. Мұнда 67 мың шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Қызылорда бүкіл елді күрішпен қамтамасыз етіп қана қоймай, азық-түлік тауарларының экспортында да берік орын алады. Өңделген өнім экспортының 143 миллион долларының 35% күріш жеткізіліміне тиесілі. Күріш бойынша жергілікті өндірістік базалардың болуы осы өнімнің шетелге экспортын ұлғайту үшін тамаша жағдай болып отыр, – деп атап өтті «QazTrade» басшысы.

Қызылорда облысының негізгі экспорттық тауарларының ішінде күріштен басқа уран (жалпы экспорттың үлесінде 40,8%), цемент (7,3%), балық (5,8%), тұз (3,5%) бар.

Қызылорда күрішінің негізгі импорттаушылары – Тәжікстан, Ресей, Әзірбайжан және Түрікменстан.

Азық-түлік қауіпсіздігі – тәулік бойы күн тәртібінде

Кеңес барысында Серік Жұманғарин ӘКК мен жергілікті атқарушы органдардың көкөністерге келісімшарт жасау, артық делдалдарды анықтау және нарықтарды жаңғырту жөніндегі жұмысын сынға алды.

ӘКК бағаны тұрақтандыру бойынша өз жұмыстарын орындамайды, – деді вице-премьер, – біз сіздерді әр уақытта өз өңірлеріңіздің нарықты молықтыруды мәжбүрлеуге тура келеді. Сіздер жүйелік шараларды ұмытып, бір реттік шараларды жүзеге асырасыздар. Сіздердің шарттарыңызды талдау барысында дұрыс емес фактілер анықталады. Тексеруден кейін Ұлытау облысы бойынша материалдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсыруға тура келді. Бағаны тұрақтандыру жөніндегі қызметке барлық қатаңдықпен талдау жүргізуді, бұзушылықтар фактілерін жария етуді, ал материалдарды талқылау үшін тиісті органдарға беруді тапсырамын. Өңір әкімдерінің орынбасарларына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және көтерме саудагерлермен тығыз жұмыс істеуді, форвардтық сатып алу тетіктерін белсенді қолдануды, өндірушілермен тікелей байланысқа шығуды тапсырамын. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар – мұны Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесі айқын көрсетті. Мұндай жәрмеңкелер басқа өңірлерде де өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға