Жаңалықтар

Қазақстанда қартаю индексі артты

Қазақстанда қартаю индексі артты
Фото: ©El.kz/Мария Рузматова 10.04.2025 16:34 621

Қазақстанда қартаю индексі бір жыл ішінде 1,6 пайыздық тармаққа артты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда қартаю индексі 31,1 құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайыздық тармаққа жоғары (2023 жылы 29,5). Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 31,1 қариядан келеді деген сөз.

Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – 78,1, одан кейін Шығыс Қазақстан (76) және Қостанай облыстары (66,4).

Қартаю индексінің ең төменгі көрсеткіші Маңғыстау облысында, онда 100 балаға 65 жастан асқан 15,2 қарттан келеді. Сондай-ақ аталған көрсеткіштің төмен мәні Түркістан облысында (15,9) және Шымкент қаласында (16,1) тіркелген, - делінген мәліметте.

Айта кетейік, қалалық жерлерде қартаю индексі ауылдық жерлерге қарағанда жоғары – тиісінше 33,4 және 27,5.

Қартаю индексі – 100 балаға шаққанда егде жастағы адамдар санын сипаттайтын халықтың жас құрамының көрсеткіші. Ол 65 жастан асқан халық санының 0-14 жас аралығындағы халық санына қатынасы ретінде есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға