Жаңалықтар

Қазақстанда полицейлердің адалдығы тест арқылы тексерілетін болады

Қазақстанда полицейлердің адалдығы тест арқылы тексерілетін болады
Фото: El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 22.01.2025 12:26 112

Парламент Мәжілісінің қарауына «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделіп, Үкімет тарапынан енгізілді.

Құжатта жемқорлық фактілерін болғызбау мақсатында құқық қорғау және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін тестілеуді реттейтін нормалар көзделген. Олардың құқықтары мен міндеттері регламенттеліп, тестілеу тағайындау негіздері және тестілеу нәтижелері бойынша жауапкершілік шаралары қарастырылған, — деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева палатаның жалпы отырысында.

Қызметінде адал емес қызметшілер уақытылы анықталып, ықтимал сыйбайлас жемқорлық әрекеттерінен қоғамға келетін залалдың алдын алу мүмкіндігі болады. Ілеспе заң жобасында мемлекеттік құқықтық статистика, құқық қорғау қызметі туралы, дербес деректер және оларды қорғау жөнінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізу қарастырылған.

Атап айтқанда, құқық қорғау қызметіне қабылданар алдында үміткер тестілеуге қатысуы мүмкін екендігі туралы алдын ала жазбаша хабардар етіледі. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, — деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға