Жаңалықтар

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті
Фото: Жеке мұрағат 08.09.2023 18:00 5061

Пластикалық хирургия адамдарға сыртқы келбетін өзгертуге және қалағанындай жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи сұлулық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Жыл сайын түр-әлпетіне немесе денесіне пластикалық операция жасататындардың қатары көбейіп келеді. Сұлу боламын деп денсаулығына зақым келтіріп алған жағдайлар да болатыны жасырын емес. Демек, тәніңізге қандай да бір өзгерту енгізбес бұрын тәжірибесі мол дәрігер таңдап, қауіпсіздікті қатаң сақтау керек. Осы орайда еліміздегі ең үздік пластикалық хирургтардың бірі Мұхтар Қобландиннен маңызды сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

El.kz: Елімізде пластикалық хирургия саласында қандай қызметтер көрсетіледі?

Мұхтар Қобландин: Пластикалық хирургия жалпы хирургия саласының бір бөлігі болып есептеледі. Ол екі түрге бөлінеді: реконструктивті және эстетикалық пластикалық хирургия. Реконструктивті пластикалық хирургия – белгілі бір ағзаның  қызметін қалыпқа келтіруге бағытталады. Эстетикалық хирургия - адамның сыртқы келбетін жақсарту, түрлендіру мақсатында қолданылады. Біздің клиника соның ішіндегі эстетикалық пластикалық хирургиямен айналысады. 

El.kz: Пластикалық хирургияның қандай түрлері сұранысқа ие?

Мұхтар Қобландин:  Елімізде соңғы 5-7 жылда пластикалық хирургия қарқынды даму үстінде. Осы уақыт аралығында пластикалық оталардың (операция) түрлері мен саны еселеніп көбейіп жатыр. Қазіргі уақытта бір отаның өзін орындаудың бір емес бірнеше әдістері дамып, сол оталарды жасайтын пластикалық хирургтардың саны да арту үстінде. Бұрын пластикалық хирургияның аса қатты белгілі болмауына байланысты тек көз пластикасы (блефаропластика) жасалған болса, қазір бұл саланың қарқынды дамуына байланысты бізде барлық пластикалық оталардың түрлері бірдей сұранысқа ие. Мысал ретінде, көз пластикасы (блефаропластика), жасарту оталары (фэйслифтинг), мұрын пластикасы (ринопластика), сонымен қатар денеге де жасалатын оталар: көкірек пластикасы (маммопластика), іш пластикасы (абдоминопластика, липосакция).

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті
Жеке мұрағат

El.kz: Пластикалық хирургты таңдау кезінде қандай критерийлерді ескеру қажет?

Мұхтар Қобландин:  Хирургты таңдау кезінде міндетті түрде бірнеше консультациялардан өтіңіз. Кеңес алған кезде сіз барған хирургтардың 50-70%-ы сейіледі. Содан кейінгі критерий: хирургтың медициналық дәрежесі, қай жерде, қандай білім алғаны, клиникада сол отаны жасау үшін жағдайдың жасалуы және дәрежесінің сәйкес келуі. Осы критерийлерге қарап сіз өзіңіздің талаптарыңызға сай келетін хирургты таба аласыз. Ең бастысы, хирургпен ойыңыз бір жерден шығып, араларыңызда «химия» пайда болу керек.

El.kz: Қазақстанда пластикалық хирургтар үшін қандай лицензиялар мен сертификаттар міндетті?

Мұхтар Қобландин:  ҚР пластикалық хирургтарында келесі сертификаттар болуы міндетті: Медициналық білімдерінің бакалавры, интерн дәрежесі, пластикалық хирургия мамандығы бойынша резидентура немесе біріншілік мамандандыру курсын аяқтағандығы жөнінде диплом.

El.kz: Елімізде пластикалық хирургияда қандай инновациялық әдістер мен технологиялар қолданылады?

Мұхтар Қобландин:  Қазіргі таңда Қазақстанда эндоскопиялық, ультрадыбысты аппаратар секілді инновациялық технологиялардың барлық түрлері қолданылады. Мысалы, біз мұрын пластикасы кезінде Пьезо - ультрадыбыстық аппаратын, бетті жасарту кезінде эндоскопты қолданамыз. Абдоминопластиканы ультрадыбысты липосакцияға арналған Vаser  және вибрациялық аппараттарды қолдану арқылы жасаймыз. Осылардың барлығы жаңа инновациялық әдістерге жатады. Осындай заманауи технологиялардың көмегімен ота сапалы әрі максималды қауіпсіз түрде өтеді.

El.kz: Клиникаңызда жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мен тәжірибесі қандай деңгейде?

Мұхтар Қобландин:  Біздің клиникада эстетикалық пластикалық хирургияның барлық ота түрлері жасалады. Көз пластикасы (блефаропластика), мұрын пластикасы (ринопластика), бет терісін жасартуға бағытталған ота түрлері (фейс-лифтинг), дене пластикасы: омырау пластикасы (маммопластика) – үлкейту, тарттыру; іш пластикасы (абдоминопластика), денедегі тері асты майларды 360* бойына алып тастау (липосакция), дене терісін тарттыру, шаш егу (трансплантация). Біздің клиникадағы мамандардың ерекшелігі: олар бір салаға терең бағытталып жұмыс жасайды. Егер бұрын 1 пластикалық хирургтың өзі денеге де, мұрынға да, бетке де маманданған болса, қазір біздің клиникада 1 хирург тек 1 немесе 2 ғана бағытта жұмыс жасайды. Сол арқылы оталардың сапасы артады.

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті
Жеке мұрағат

El.kz: Соңғы уақытта пластикалық хирургияда қандай тың әдістер жүзеге асырылып жатыр?

Мұхтар Қобландин: Қазіргі пластикалық хирургиядағы тенденциялар: біріншіден, адамның түр-әлпетінің ерекшеліктеріне мән беріп, индивидуалдығын сақтап, сыртқы бейнесіне орасан зор өзгеріс келтірмейтіндей етіп оталау. Екіншіден, науқастың өз тіндерін жоймай, бөгде заттарды (импланттарды) қолданбауға барынша тырысу.

El.kz: Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда пластикалық операцияларды жүргізудің артықшылықтары қандай?

Мұхтар Қобландин:  Әрине, пластикалық операцияларды өз елімізде жасатқан дұрыс. Оның себебі халқымыздың келбетінің ерекшеліктерінде жатыр. Әр нәсілдің тері тіндері, сүйектері өзгеше болып келеді. Қазақстандағы науқастардың этникасы, бет-әлпеті көбінесе азиялық типті. Европеоидты халықтың тіндері басқа болса, славяндардың тіндері мүлде басқаша құрылымды. Қазір біз шет елге барып өз білімімізді жетілдіріп, тәжірибеміз бен дәрежемізді білім алмасу арқылы дамытудамыз. Біздің мақсатымыз - алған біліміміз бен тәжірибемізді Қазақстандағы науқастардың түр-әлпетінің өзгешеліктерін ескере отырып, қолданасқа енгізу. Менің ойымша біздің халқымыздың сыртқы бейнесіндегі ерекшеліктерін басқа мемлекеттің пластикалық хирургтары біле бермейді, сондай-ақ ескермеуі де мүмкін. Сол себепті таңдау еліміздің  хирургтарына түскені жөн.

El.kz: Ерлер мен әйелдердің қайсысы жиі келеді?

Мұхтар Қобландин:  Әрине, пластикалық хирургияның негізі эстетика мен сұлулық болғандықтан, оның көмегіне біздің елде ғана емес, әлем бойынша көбіне әйел адамдар жүгінеді. Алайда, пластикалық хирургияға Қазақстанның өзінде ер адамдардың сұранысы жылдан жылға артуда. Мысалы, биыл біздің клиникада ота жасатқан ер адамдар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-ға артық болды.  

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті
Жеке мұрағат

El.kz: Науқас консультация басталғаннан бастап пластикалық операциядан кейін оңалту аяқталғанға дейін қандай кезеңдерден өтеді?

Ең алдымен, операция күні белгіленгеннен кейін науқас міндетті анализдер жиынтығын тапсырады. Сол анализдердің нәтижесімен біздің анестезиологтың, содан соң белгіленген хирургтың ота алды консультациясынан өтеді. Барлық көрсеткіштері оң болса, айтылған күні операция жасалынады. Аяқталғаннан кейін 10-14 күнге жалғасатын қалпына келу кезеңінен өтеді. Бұл кезде хирург операция орнын мұқият қарап, күнделікті таңу жасап, науқастарға арнайы физиопроцедуралар жүргізіледі.

El.kz: Пластикалық операциялардан кейін қандай қауіп-қатер туындап, қандай асқынулар болады?

Әрине, пластикалық хирургияда да өзге хирургия салаларындағыдай асқыну қаупі бар.  Ондай қауіптің бар екендігімен әрбір науқас ота жасату алдында қағаз түрінде танысып, қол қояды. Әлемдік стандарт бойынша пластикалық хирургияда 18%-ға дейінгі асқынулардың көлемі қалыпты болып есептеледі.

El.kz: Алдағы жылдары Қазақстанда пластикалық хирургияны дамытуда қандай трендтер мен бағыттарды бөліп көрсетуге болады?

Мұхтар Қобландин: Мен адам ағзасына зияны, зақымдау аумағы аз, денеге инвазивтілігі төмен немесе мүлде жоқ,  қысқа уақытта қалпына келетін, табиғи сұлулықты сақтап, науқастың өз тіндерін қолдана отырып жасалынатын ота түрлерін алдағы уақытта тренд болады деп атап өтер едім.

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті
Жеке мұрағат

El.kz: Пластикалық хирургия мәселесін енді ғана зерттей бастаған және жасатқысы келетін пациенттерге қандай кеңестер бере аласыз?

Мұхтар Қобландин: Біріншіден, адам өзі үшін отаның шын мәнінде қажеттілігіне сенімді болуы керек. Егер пациенттің қандай да бір дене бөлігі өміріне, өзіне деген сенімділігіне айтарлықтай әсер ететін болса, консультацияға жазылғаны жөн. Ал егер науқаста отаға қатысты аз да болса күмән туындаса, отаны кейінге қалдырғаны дұрысырақ болады. Консультация  алу барысында науқас  дәрігердің өзіне сәйкес келіп немесе келмейтіндігін түсінеді. Өйткені, тек дәрігермен бетпе-бет сөйлесу арқылы, сұрақтарға дұрыс жауаптар алу арқылы ғана науқас дәрігердің құзыреттілігіне көз жеткізе алады және ол операцияның сәтті өтуінің бірден бір көрсеткіші. Яғни, мен айтқандай, пациент пен хирург арасында химия пайда болып, бір-бірін толықтай түсіне алса, пациент отаға еш күмәнсіз, қорқынышсыз, уайымсыз барады. Ал дәрігер науқастың сұранысын толық түсінгендіктен, пациенттің отаға бара жатқандағы көңіл-күйін дәл сезінсе, керемет нәтижеге қол жеткізетіні сөзсіз.

El.kz: Қазақстанға пластикалық хирургия үшін келгісі келетін басқа елдердің пациенттері үшін қандай да бір ерекшеліктер немесе ұсыныстар бар ма?

Мұхтар Қобландин: Жалпы, біздің клиникаға шет ел азаматтары жиі келеді. Қателеспесем, қазіргі таңда барлық науқастардың 20%-ын шет ел өкілдері құрайды. Бізге келіп операция жасатудың артықшылықтары: біріншіден, құны. Мысалы АҚШ-та дәл осы ота құны 10-20 есе қымбатырақ. Екіншіден, жұмыс сапасы. Өйткені біздің жасаған операциялардың нәтижесі шет ел хирургтарының жұмыстарынан артық болмаса, кем емес. Үшіншіден, біздің елде дәрігерлер  науқаспен жылы әрі жақын қарым-қатынас орнатуға тырысады. Көп шет ел азаматтары осы пунктты ерекше белгілейді. Өйткені, олардың айтуынша, шет елде дәрігер қабылдауына жазылудың өзі өте қиын, айтылған консультация құны да аса қымбат.  Ал біздің елде пациенттер осы айтылғандардың толық спектрін ала алады.

Қазақстанда пластикалық операция жасату қауіпті ме? Танымал хирург тәжірибесімен бөлісті


Жеке мұрағат

El.kz: Сәтті болған немесе науқастың денсаулығына зиян тиген кейстер туралы айтып берсеңіз.

Мұхтар Қобландин: Асқынуларға келетін болсақ, олар тек біздің клиникада ғана емес, әлемдегі барлық дәрігерлердің тәжірибесінде кездеседі. Біздің клиникада кездесетін асқынулардың саны әлемдік статистикадағы асқынулар пайызынан едәуір төмен. Ал егер операция сәтсіз аяқталса немесе науқас қорытынды нәтижесіне қанағаттанбаса, біз міндетті түрде коррекция жасаймыз. Коррекция, әрине, тегін болады. Өйткені, біз жұмыстарымыздың нәтижесіне науқастың көңілі толуы үшін бар күшімізді саламыз.  

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға