Жаңалықтар

Қазақстанда Өзбекстан Республикасы архивтерінің күндері басталды

Қазақстанда Өзбекстан Республикасы архивтерінің күндері басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 05.06.2024 18:09 497

Шымкентте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Өзбекстан Республикасы архивтерінің күндері басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара аясында «Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті және «Узархив» агенттігінің, Шымкент қаласы әкімдігінің, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивтерінің өкілдері, сондай-ақ тарихшылар мен өлкетанушылар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Конференцияда ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.

Біз - ортақ шекарамыз ғана емес, тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері ұқсас бауырлас халықпыз. Орталық Азия аймағында Өзбекстан Республикасымен ауқымды мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған стратегиялық маңызы зор бірлескен жобалар іске асырылуда. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастық Мемлекет басшыларымыздың саясатының арқасында қарқынды дамып келеді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мәдени мұраларды зерттеуде, Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік архив қорларында сақталған құнды тарихи мәліметтерді анықтауда табысқа жететінімізге сенімдімін, - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігі төрағасының орынбасары Шерзод Садықов екі ел арасындағы архивтік қарым-қатынасты нығайтып, жан-жақты дамытуға ведомство тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Конференцияда тарихты зерттеудегі архив құжаттарының орны мен рөлі, архив саласының жағдайы және даму перспективалары, архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз етудің заманауи технологиялары туралы жан-жақты талқыланды.

Сондай-ақ халықаралық іс-шара аясында екі елдің мемлекеттік архивтері ұйымдастырған көрме өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға