Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің тізілімі жасалмақ
Мәжілісте «Тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл қазақстандық тауар өндірушілерді және олар өндіретін тауарларды сәйкестендірудің оңтайлы жүйесін құруға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Заң жобасы қазақстандық тауар өндірушілерді және олар өндіретін тауарларды сәйкестендірудің оңтайландырып қана қоймай, мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін де арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістің бірі – қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін құруды реттеу. Бұл жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйеде қазақстандық өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпарат болмақ.
Аталған заң жобасы Президенттің 2023 жылғы Жолдауын іске асыру аясында әзірленді, яғни импорттық тауарларға тәуелділікті төмендету, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыру, заманауи технологияларды жеткізу, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялау.
Қазір қолданыста үш түрдегі «СТ-KZ», индустриалды сертификат және экспорттық тауар шығу сертификаттары бар. Бұл сертификаттарды «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Заң жобасы аясында қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу жоспарлануда. Қазір сертификаттау процесі едәуір уақыт алады және қаржы шығындарын талап етеді. Жаңа сертификаттар ақылы және жеке сарапшылардың қорытындысы негізінде беріледі. Ал бұл шағын және орта бизнес үшін қолайсыз. Қазір ұсынып отырған тізілімге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды. Бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әзірленіп жатқан тізілім СТ-KZ сертификаттары мен өнеркәсіптік сертификатты беру тәртібімен байланысты анықталған кемшіліктерді ескере отырып, тауар өндірісін растау жүйесін жетілдіруге бағытталған, – деді Дүйсенбай Тұрғанов Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады және құжаттар сараптама өткізу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Тізілімді жүргізуге жауапты уәкілетті мемлекеттік орган Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болмақ.
Айта кетейік, тізілімді қалыптастыру және жүргізу өтініш беру, цифрлық верификациялау, өндірісті бағалау және тізілімге қосу немесе қоспау туралы шешім қабылдау сынды бірнеше кезеңнен тұрады. Тізілімді енгізу Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей негізін құруға мүмкіндік береді.