Жаңалықтар

Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 4,5%-ға азайған

Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 4,5%-ға азайған
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 27.01.2025 09:27 219

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша, 2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 202-сі қаза болған. Бұл ретте 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2023 жылмен салыстырғанда  4,5%-ға төмендеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік дерегінше, 2024 жылдың қорытындысында өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,20 құрады.

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 159 адам, ШҚО-да – 124 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Абай облысында – 101 адам, Қостанай облысында – 91 адам, зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 116 адам зардап шекті.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1%, - делінген мәліметте.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (31%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,2%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,6%).

Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3%-ға төмендеді.

Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды, - деп қосты ведомство.

Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тік моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға