Жаңалықтар

Қазақстанда New York Film Academy кампусы ашылды

Қазақстанда New York Film Academy кампусы ашылды
Фото: gov.kz 01.03.2025 12:05 102

Қазақстанда New York Film Academy (NYFA) филиалы өз жұмысын бастады. Ол – АҚШ-тан тыс үшінші NYFA кампусы және Қазақстанда ашылған әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қызметті бастау туралы келісімге қол қоюдың онлайн-рәсімі 1 наурызда Energo University-дің алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен New York Film Academy президенті Майкл Янгтың қатысуымен өтті.

Әлемге әйгілі академияның филиалында оқу осы жылдың 29 қыркүйегінде Алматы маңындағы Қаскелең қаласындағы Energo University-дің Креативті индустриялар паркінің аумағындағы заманауи кампуста басталады.

Филиалда оқытуды АҚШ-тан арнайы келетін NYFA кәсіби дәріскерлері бір жылдық және қысқа мерзімді оқу бағдарламалары аясында бес бағыт бойынша жүргізеді: Кино (Filmmaking); Продюсерлік ету (Producing); Сценарийлік іс (Screenwriting); Анимациялау және визуалды әсерлер (3D animation & VFX); Ойын әзірлеу (Game design).

Академияның алғашқы қабылдауына Қазақстаннан және өңірдің көрші елдерінен (Қытай, Үндістан, Ресей және т.б.) 200-ге дейін студент қабылдау жоспарлануда. Оқуды бітіргеннен кейін түлектер Америка университетінің дипломдарын және Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте оқуын жалғастыра алады.

Қосымша ақпарат алу үшін ЖОО-ның қабылдау комиссиясына (+77076006493), сондай-ақ Алматыдағы NYFA ресми өкіліне (+77019990321) хабарласуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға