Қазақстанда мәйіттік донормен бауыр трансплантациясы жасалғанына 10 жыл толды
Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауырды алғашқы ортотопиялық трансплантациялау 10 жыл бұрын - 2013 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың базасында жасалды. 52 жастағы көкшетаулық Антонина Позигуннің бауырын толық алып тастап, мәйіттік донордың бауырын ауыстырып салған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бауыр циррозына шалдыққан ол донорды 1 жыл бойы күткен. Дәрігерлердің сөзінше, сол уақытта науқас өлім аузында тұрған. Егер донор табылмағанда, оның тек бір айлық өмірі қалды деген болжам жасалған еді дейді.
Ол бұл күнде үш баланың анасы, 8 немересі бар. Ол соңғы 10 жылда дәрігерлердің арқасында жер басып жүрмін деп отыр.
Мен басында бауырымда дерт бар екенін білмедім. Жатырыма ота жасату керек болып тексеруден өткен кезде бауыр циррозына шалдыққанымды білдім. Ана мен бала орталығында емделіп жаттым, сол кезде дәрігерлер анықтады. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа келіп, тексеруден өттім. Олар бауырымның қанап тұрғанын айтты. Дәрігерлер "өміріңіз қыл үстінде тұр" деді. Бауыр трансплантациясына дейін бірнеше рет ота жасалды, жансақтау бөлімінде де жаттым. Ана дүниеге барып келдім деуге болады. Сол оталардан кейін Көкшетауға кеттім. Ауруханада жатқан кезімде донор табылғанын айтты. Санавиция ұшағымен Астанаға жедел жеткізді, - деді ол.
Профессор Тоқан Сұлтаналиевтің сөзінше, донор инсульт салдарынан қайтыс болған ер адам болған. Трансплантациялау үшін органдарды алуға оның әйелі келісім берген.
Операцияны профессор Тоқан Сұлтаналиев басқарды. Оның сөзінше, операция өте ауыр болған. Операция тоғыз жарым сағатқа созылған.
Операцияны жүргізу үшін қазақстандық хирургтармен бірлесіп Беларусьтен трансплантологтар шақырылған болатын. Алайда күтпеген жағдайлар туындады. Донор аяқ астынан табылды. Донорды ұзақ уақыт ұстап тұра алмаймыз. Ал Беларусьтен келетін дәрігерлерді бір күннен артық күту керек болды. Минскіден ұшақ бір күн ұшады, бір күн ұшпайды. Оның үстіне науқас бауыр циррозы мен өңештің варикозды тамырлары аясында өңештен қан кетудің келесі эпизодынан кейін ауыр жағдайда болды. Біздің алдымызда күрделі таңдау тұрды. Беларусьтен әріптестеріміз келгенше науқас өліп кетуі де мүмкін. Дәрігерлер пациент үшін тәуекелге барды. Біз бұған дейін шетелдік әріптестерімізбен бірге ота жасап жүргенбіз. Өз бетімізше жасаған алғашқы мәйіттік донормен бауыр алмастыру болды, - деді ол.
Қазіргі уақытта бауыр трансплантациясы әлемнің 80-нен астам елінде жасалады. Қазақстанда трансплантация – медицинаның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Бүгінде Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының ғылыми орталықтары мен өңірлік клиникаларында қарқынды дамып келеді.
Бұл ретте тәжірибеге әлемдік стандарттар деңгейінде озық трансплантация технологиялары үнемі енгізіліп отырады. Осы бағыттың дамуының жаңа кезеңінің арқасында өлім-жітімді азайтуға және пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар бауыр ауруларының терминалды кезеңдері бар көптеген науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оларды қоғамдағы толыққанды өмірге қайтаруға мүмкіндік туды.
Мәселен, соңғы 10 жылда қазақстандық трансплантологтар тек бауыр трансплантациясы бойынша 434 операция жүргізді, оның ішінде ҰҒОО базасында 60-қа жуық трансплантация жасалды. Жүргізілген операциялардың нәтижелері көрсеткендей, реципиенттердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғары және дамыған елдердің деректерімен салыстыруға болады.
Бұл ретте бауыр трансплантациясына мұқтаж адамдар тізімінің негізгі бөлігін вирустық және аутоиммунды этиологиясы бар бауыр циррозы бар пациенттер құрайды. Бүгінгі күні оларға негізінен туыстық трансплантациялар жасалады. Өлімнен кейінгі донордан трансплантация этикалық және заңнамалық аспектілер бойынша көптеген мәселелердің болуына байланысты әлдеқайда төмен.
Трансплантацияның барлық кезеңінде тірі донорлардан 1 923, яғни 84,8%, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 345, яғни 15% ғана жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда транспланттаудың барлық түрлері медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттер қажетті иммуносупрессивті терапиямен қамтамасыз етіледі және тегін оңалтудан өтеді.
2013-2022 жылдар кезеңінде, яғни соңғы 10 жылда Қазақстан Республикасында ағзаларды транспланттау бойынша барлығы 2314 операция жүргізілді. Оның ішінде 1712 бүйрек трансплантациясы, 434 бауыр трансплантациясы, 88 жүрек трансплантациясы, 300-ге жуық мүйізді қабық трансплантациясы. Қазіргі уақытта күту парағында тұрғандар саны – 3805 адам, оның ішінде 100-і бала. ҰҒОО-да осы кезеңде 440 бүйрек трансплантациясы, 64 бауыр трансплантациясы жасалды.