Қазақстанда курорттардағы қонақ үйлер бағасы 27 процентке өскен
Щучье-Бурабай аймағы, Каспий теңізі мен Алакөл жағалауы жазғы демалыста ең танымал бағыттар болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Тиісінше бағасы да өскен. Биыл отандық курорттарда демалу қазақстандықтарға қымбатқа түседі. Қонақ үйлерде, турбазаларда, демалыс үйлерінде және курорттық аймақтардағы басқа орналастыру орындарында тұрудың тәуліктік құны 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда тағы өскен. Қаңтар-наурыз айларында төсек орынды жалға алу орташа есеппен 14,4 мың теңгені құраса, ал бір жыл бұрын 11,3 мың теңге болған.
Мәселен, осы жылдың маусым айында Щучье-Бурабай және Алматы курорттық аймақтарында ең жоғары баға тіркелген. Қапшағай су қоймасының жағалауындағы қонақүйде стандартты нөмірді алу үшін кем дегенде 20 мыңнан 59 мың теңгеге дейін, ал люкс нөмірге тәулігіне 119 мың теңге төлеу қажет. Бурабайда мұндай ақшаға сіз тек бөлмелерде ғана емес, сонымен қатар санаторий-сауықтыру қызметтерін де ала аласыз.
Каспий теңізінің курорттарында демалу да қымбат. Шетелдік инвестор Ақтауда өңірдегі ең ірі бес жұлдызды қонақ үй салып, шетелде маркетингтік ілгерілетуді жандандырғаннан кейін, Маңғыстау облысына басқа елдерден чартерлік ұшақтар да ұша бастады.
Сонымен, өткен жылы Уфа, биылғы жылы Тегеран, Мәскеу, Қазан және Екатеринбургтен чартер басталды (1, 2). Көрсетілген қонақүйлерде демалу үшін ең төменгі баға – тәулігіне 32-36 мың теңге, ең жоғары баға – 42-48 мың теңге. Бірақ бұдан да асып кететін кездер көп.
Осы жазда Алакөл курорттық аймағындағы танымал қонақүй қызметтерінің бағасы да өскен. Стандартты екі орындық нөмірді жалға алу 15-42 мың теңге, жартылай люкс 17-64 мың теңге, люкс 82 мың теңге тұрады. Бұл енді нөмірді броньдау уақытына байланысты.