Қазақстанда кімдерге кредит берілмейді
Парламент депутаттары несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева құжат депутаттардың бастамасымен әзірленгенін жеткізді.
Заң жобасы мыналарды көздейді:
- Кредит төлеу мерзімі өтіп кеткенде азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу;
- 90 күн өткеннен кейін барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
- Банктердің және МҚҰ-ның коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиесін сатуды шектеу;
- Коллекторлық агенттіктердің сатып алған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу;
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі НҚА сәйкес тұтынушылық қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулерді белгілеу;
- Балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу;
- Өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;
- Төлем талабын қойған кезде банк шотында кемінде 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі (99 мың теңге)мөлшерінде ақшаны сақтау;
- Кредит алудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда азаматтардың кредиті бойынша борышты есептен шығару.
Сонымен қатар, заң жобасы бірнеше заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Бұл Қылмыстық кодекс және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қатысты: Жеке деректерді сатқаны, абоненттің нөмірін ауыстырғаны және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті белгілеу. Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы биыл 12 қарашада алынды.