Жаңалықтар

Қазақстанда инновациялық технологиялардың көмегімен 20 мыңға жуық адам емделді

Қазақстанда инновациялық технологиялардың көмегімен 20 мыңға жуық адам емделді
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 20.01.2024 18:00 968

Қазақстанда пациенттер үшін жыл сайын мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін мүмкіндіктер өрісі кеңеюде. Нәтижесінде бірнеше мыңдаған науқас емделді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді. Олардың көмегімен 20 мыңға жуық адам емделді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ұлттық нейрохирургия орталығында ашылған сәттен бастап Гамма-пышақ аппаратымен 1133 операция, 2023 жылы 233 операция жасалды. Қалқанша безінің обыры кезінде радиойодтерапиямен 1300-ден астам пациент емделді. Сүйек онкопатологиясы кезінде инновациялық 3-Д протездеу енгізіліп, 15 операция жасалды.

Бейнеэндоскопиялық жабдықты пайдалана химиотерапиямен ұштастыра отырып, шамамен 30 мың онкологиялық операция жасалды. Жыл сайын 12 мыңнан астам пациент сәулелік терапия (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT) алады.

Оқи отырыңыз: 

Есту қабілеті нашар адамдарға дәрігерлер электромагниттік есту аппаратын тегін имплантаттады. Осындай 428 операцияның әрқайсысы орта есеппен 6,6 млн теңгені құрайды. Олар МӘМС қаражаты есебінен жабылады.

Кардиохирургиялық орталық 2011 жылдан бастап жүректің жасанды сол жақ қарыншасына 492 имплантаттау, ал 2023 жылы – 40-тан астам операция жасады.

259 ағзаны трансплантаттау, 400 балаға гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантаттау жасалды. Оның 66-сы 2023 жылы жүргізілді.

Елімізде 38 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен 79 инсульт орталығы жұмыс істейді. Жіті коронарлық синдром кезінде ел халқына мамандандырылған медициналық көмекті 44 коронарлық араласу орталығы көрсетеді. Онда 33 мың пациент ем алды.

Жалпы өткен жылы стационарларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру ем алуға және шамамен 3 млн пациенттің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Биыл Астана қаласында Орталық Азиядағы бірінші Протон орталығы бар ұлттық онкология орталығының құрылысы аяқталуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға