Жаңалықтар

Қазақстанда инфляция деңгейі 20,3% болды

Қазақстанда инфляция деңгейі 20,3% болды
Фото: El.kz 07.06.2023 10:41 1190

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Еl.kz ақпараттық агенттігі.

Министр соңғы төрт жыл ішінде салықтық кезеңді әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында бюджетке 3 триллионнан астам қаражат түскенін айтты.

Азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік қымбаттауы аясында Қазақстандағы инфляция деңгейі де нысаналы көрсеткіштен асып, 20,3%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9% ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды, – дейді министр.

Сондай-ақ ол 2022 жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалғанын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының 219 нысаналы индикаторына қол жеткізілгенін атап өтті.

Оларды іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берді. Мәселен, 15,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 131 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 136 мың оқушы орнына 247 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1 003 мектеп жаңғыртылды. Мектеп салу есебінен ғана 10,5 мыңға жуық жұмыс орны, оның ішінде 6,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды, – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бүгінгі таңда Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде тиімді, ықшам және ашық квазимемлекеттік сектор қалыптасатын болады.

2022 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері мен оның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар осындай. Есепті қарау кезінде 440-тай мәселе айтылды. Қазіргі уақытта депутаттардың ұсынымдары мұқият қаралып, алдағы жұмыста ескерілетін болады, – деп қорытындылады министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға