Қазақстанда ғылым саласы өсу мен өзгерістер кезеңінде тұр – жас ғалым

Бүгінде елімізде ғылым саласына бет бұрған жас буын өкілдерінің саны артып келеді. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, жаһандық ғылыми ортада өз орнын табуға ұмтылуда. Мемлекет тарапынан жас ғалымдарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен гранттар іске асырылып жатыр. Жас зерттеушілер ауыл шаруашылығы, медицина, жасыл энергетика, биотехнология, IT және жасанды интеллект сияқты стратегиялық маңызы бар бағыттарда еңбек етуде. Олардың бастамалары теориялық жаңалықтармен шектелмей, практикалық қолданысқа еніп, өндірістік және әлеуметтік салаларда нақты нәтижелер беріп отыр.
El.kz тілшісі ғылым мен білімнің дамуына тың серпін беріп, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етіп жүрген жас ғалымдардың бірімен тілдесті.
Бақтияр Солтабаев - Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana энергетика және жаңа материалдар ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, алдыңғы қатарлы сенсорлар зертханасының жетекшісі.
Ол - Түркиядағы Гази университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алып, металл-оксидті жартылай өткізгіштер негізінде зиянды және улы газдарды ерте анықтауға арналған жоғары сезімтал сенсорларды әзірлеу және зерттеу жұмыстарымен айналысатын жас ғалым.
Ғалымның айтуынша, оның ғылыми жолы тоғыз жылдан астам уақытты қамтиды. Осы уақыт аралығында Бақтияр сенсорлық технологиялар, наноматериалдар саласында белсенді зерттеулер жүргізіп, атом физикасы және заманауи материалдар сияқты салаларда да тәжірибе жинақтаған көрінеді. Халықаралық конференцияларға қатысып, АҚШ, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея мен Румынияда ғылыми тағылымдамадан өткен. Осылайша, ол әлемдегі жетекші ғылыми орталықтармен, мәселен Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеу институты, Түркияның Гази университеті және Оңтүстік Кореяның Атомдық энергия институтымен (KAERI, Тэджон) тығыз ынтымақтастық орнатқан болатын.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бақтияр - 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Оның ішінде 23 мақала халықаралық Scopus дерекқорында индекстелді. Қазақстан ғылымы мен білімінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектың қолынан алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ 2024 жылы «Жылдың үздік ғылыми қызметкері» жоғары мемлекеттік марапатына ие болды.
Ғылымға деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған лицейде оқып жүргенде 7-сыныпта алғаш рет физикамен таныстым. Назарымды электр тоғы, Ньютоның заңдары, термодинамика сияқты ұғымдар аударды. Табиғат заңдылықтарымен алғаш танысқан кезім болатын. Мұнда әр сұраққа дәл, ғылыми дәлелденген жауап бар екені мені қатты қызықтырды. Осы кезде ғылыммен өмірімнің ұштасатынын түсінген едім,-деп ағынан жарылады жас ғалым.
Кейіннен ол Түркия Республикасының мемлекеттік гранттық бағдарламасы бойынша Анкарадағы Гази университетінің докторантурасына түседі. Сол жерде газ сенсорлық технологиялармен айналысып, қоршаған ортадағы улы газдарды анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін сенсорларды зерттеді.
Міне, сол сәттен бастап ғылыми жолым басталды,-дейді өзі.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бақтияр университет қабырғасындағы алдыңғы қатарлы сенсорлар зертханасын басқарып, сүйікті ісіммен айналысып келеді. Бүгінде жұмысының нәтижесі халықаралық тағылымдамалар, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық және 50-ден астам ғылыми жарияланымдар түрінде көрініс тапқанын мақтан тұтады.
Соңғы жылдары бірнеше маңызды ғылыми жобаға қатыстым. Әрқайсысы кәсіби жолымда маңызды рөл атқарады. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің (2020-2021 жж.) инновациялық материалдар мен энергия сақтау және қайта түрлендіру жүйелерін әзірлеуге арналған жобасы бар. Сондай-ақ, жаңа буынның қауіпсіз, икемді литий-ионды аккумуляторларын жасау жөніндегі зерттеу жұмысы (2021-2023 жж.) болды. Бұл бастамалар маған наноматериалдар, энергетика және сенсорлық технологиялар сияқты аралас салаларды тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді,-деді Бақтияр Солтабаев.
Ғылыми жұмысының маңызды тұсы ретінде «Collaborative Research Program (CRP)» бағдарламасы аясында металл-оксидті жартылай өткізгіштер негізінде қабатталған газ сенсорларын әзірлеуге арналған үш жылдық жобаны басқаруды айтуға болады. Университет басшылығының қолдауымен жүзеге асырылған жоба зертхананың дамуында маңызды қадам болды.
Қазіргі уақытта жас ғалым бірнеше мемлекеттік ғылыми жобаға жетекшілік етіп келеді. Зерттеулер ионды-қабатты тұндыру (SILAR) әдісімен және түрлі ауыспалы металдармен легирленген магнетронды бүрку әдісі арқылы жаңа сенсорлық материалдарды синтездеуге бағытталған. Сондай-ақ, CO, CO₂, NO, NO₂, SO₂, NH₃, сондай-ақ ұшқыш органикалық қосылыстарды (VOC) өте төмен концентрацияларда (1-100 ppm) және 300°C-қа дейінгі температура диапазонында анықтай алатын наноматериалдарды әзірлеу үстінде. Бұл сенсорлар жоғары сезімталдыққа ие және өндіруге қолжетімді. Сол себепті оларды:
- өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік жүйелерінде (әсіресе мұнай-газ және тау-кен секторларында);
- қаладағы ауа сапасы мен қоршаған ортаны бақылауда;
- литий-ионды аккумуляторлардың күйін бақылап, олардың қызып кетуін болдырмауда;
- медициналық және ақылды технологияларда, оның ішінде киілетін құрылғылар мен «ақылды үй» жүйелерінде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Қазақстанның ғылым саласы белсенді өсу мен өзгерістер кезеңінде тұр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан зерттеушілерге мықты қолдау көрсетілуде: ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі артты, жас ғалымдарды ынталандыру бағдарламалары жүзеге асырылып, заманауи зерттеу платформалары мен инфрақұрылымдар құрылды. Бұл жағымды тенденциялар ғылымның болашағына сенім ұялатады,-деп қуанды кейіпкер.
Дегенмен ол дамушы жүйе ретінде кейбір қиындықтардың бар екенін жасырмады. Бірі — кадрлық әлеуетті арттыру қажеттілігі. Бақтиярдың айтуынша, бізге жоғары технологиялық және қолданбалы салаларда тәжірибелі зерттеушілер мен көп салалы мамандар жетіспейді. Ал ғылымға қызығушылық танытқан жастарға жүйелі қолдау, тәлімгерлік және тұрақты академиялық орта қажет.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Ғылыми зертханаға жетекшілік ету — әкімшілік жұмыс қана емес, ерекше миссия. Жетекшілік ету ғылыми кемелдік, ұйымдастырушылық дағдылар мен басқаларды дамытуға деген шынайы ұмтылысты талап етеді. Осы қызметке алғаш келгенде басқарушылық тәжірибем болмады. Десе де өзіме үлгі болған ғылыми жетекшілерден тәлім-тәрбие ала білдім. Олардың қатарында Гази университетінен профессор Селим Аджар болды. Оның ғылымға деген көзқарасы, қатаңдығы мен талапшылдығы, шәкірттеріне деген адами қарым-қатынасы мен үшін нағыз мектеп болды,-деп түсіндірді ғалым.
Зертханаға жетекшілік ету — әкімшілік жүктеме мен ғылыми шығармашылықтың арасындағы тепе-теңдікті табу, алдағы жылдарға арналған даму стратегиясы мен ағымдағы міндеттердің арасында баланс жасау. Осыған орай, Бақтияр өзінің міндетін мақсаттар қою ғана емес, команданың сенімін, мотивациясын қалыптастырып, өсудің, дамудың атмосферасын жасау деп сеніп отыр.
«2024 жылдың үздік ғылыми қызметкері» марапатына ие болған жас ғалым бұл атақтың өзі үшін үлкен мотивация болғанын жасырмайды.
Бұл марапат барлық жас ғалым үшін – зор мақтаныш. Қазақстанда көптеген талантты, еңбекқор және көкірегі амбицияға толы жас ғалымдар бар. Олардың әрқайсысы құрметке лайық. Мен үшін бұл құрмет ғана емес, еліміздегі жас ғалымдар еңбегінің бағаланғанын дәлелдейді. Мені әрқашан қолдап, қиын сәттерде сенім артып, үнемі алға жетелейтін отбасыма алғыс білдіремін. Бұл — ортақ жеңіс!,-деді ол.
Жас ғалым болашақта зертханада әзірленген газ сенсорларын практикалық сынақтан өткізіп, коммерциализациялауды мақсат тұтып отыр.
«Ұзақ мерзімді перспективада - Қазақстанда сенсорлық технологиялар орталығын құру»,-дейді өзі. Болашақта бұл орталық зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыратын және интеллектуалды сенсорлық жүйелерді енгізетін жетекші алаңға айналады.
Біз ерекше кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл — мүмкіндіктер уақыты, білім мен интеллект шынайы өзгерістерге жол ашатын кілтке айналған уақыт. Дәл сіздер — мақсатты, ынталы және ізденімпаз жастар — еліміздің дамуына елеулі үлес қоса аласыздар. Армандаудан қорықпаңыздар. Алға ұмтылыңыздар. «Ғылым - таңдаулын адамдардың жолы» деген пікірді ұмытқан жөн. Ғылым - әлемді түсінуге ұмтылатын, сұрақтар қойып, жауаптар іздейтін, еңбек етуге, қателесуге, үйренуге және қайтадан сынап көруге дайын адамдар үшін арналған ашық жол,-деп өскелең ұрпаққа жүрекжарды сөздерін арнады.
Оның айтуынша, «ғылым мамандық қана емес, ол - ойлау әдісі». Ғылым - айналадағы шындықты өзгерту, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаның тазалығына және тұрақты болашаққа үлес қосу тәсілі.
Естеріңізде болсын, ең ұзақ жол да алғашқы қадамнан басталады. Кішкентайдан бастаңыз. Ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастаңыз. Өзіңізге сеніңіз! Сол кезде ғана өзіңіз ойлағаннан да көп нәрсеге қол жеткізесіз,-деп қорытындылады Бақтияр Солтабаев.
