Жаңалықтар

Қазақстанда ежелгі ит тұқымдарының деректер базасы құрылды

Қазақстанда ежелгі ит тұқымдарының деректер базасы құрылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 15.08.2024 16:18 589

ҚазҰУ ғалымдары ежелгі ит тұқымдарының деректер базасын құрды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «AP14869303 – Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» тақырыбында іргелі ғылыми-зерттеу жұмысын іске асыруда. Жобаның ғылыми жетекшісі – ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева. Қазіргі таңда ежелгі ит тұқымдарына қатысты деректер базасы құрылды.

Жоба аясындағы археологиялық қазбалардан табылған тазы ит сүйектеріне палеозоологиялық, зооархеологиялық лабораториялық зерттеулер жасалуда: Деркум 1 - энеолит; Түрген 1 – б.э.д. 4-3 ғғ, ерте темір дәуірі; Сортөбе – б.э. 8 ғ.; Арна – б.э. 12 ғ.; Қастек – б.э. 11-12 ғғ.; Бозоқ – б.э. 11-12 ғғ.; Күлтөбе – б.э. 18-19 ғғ. Сараптамалық лабораториялық зерттеуге жауапты шетелдік жоба орындаушылар П.А.Косинцев, Гермес Тейлор. Иттердің дүниежүзілік деректер базасына, Халықаралық кинология базасына «тазы» кадастрын енгізу бойынша «Қазақстанның ежелгі тазылары бойынша археологиялық анықтама» (Археологические свидетельство о древних борзых Казахстана) құжаты жасалды.

Құжат авторлары шетелдік жоба орындаушылар, университеттің «Археология және антропология» ғылыми-зерттеу институты мамандары: Рената Сала, Жан-Марк Деом. Алматы облысы – Аққайнар, Бөрішолақ, Мәтібұлақ, Еспе, Қарашағыл; Жамбыл облысы – Қаратау таулары, Құлжабасы, Долаңқара, Қушоқы; Қызылорда облысы – Сауысқандық шатқалдарындағы петроглифтерден жаңа тазы бейнелерін табылып, тіркеуге алынды. Жартастағы тазы бейнелеріне статистика, ғылыми интерпретация жасау жалғасуда. Жаңа петроглифтік бейнелерді іздестіру жалғасуда. Этноархеологиялық, этнографиялық зерттеулер нәтижесінде «тазы тарихи-этнографиясы» жасалды.

Жоба орындаушы жас ғалым Бағашар Қожахметовке «Қазақ дүниетанымындағы ит культі: генезисі мен тарихи-мәдени сабақтастығы» атты PhD диссертация тақырыбы бекітіліп, диссертациялық жұмыста «тазы тарихы» жазылуда. (8D02221 – этнология және антропология мамандағы). Жобаны орындаушы ҚазҰУ ғалымдарының ұсынысымен «Қазақы ит тұқымы: тазы мен төбет» атауы Қазақстанның «Материалдық емес мәдени мұрасы Ұлттық тізіміне» және «Қазақстанның Ұлттық бренді» тізіміне енгізіліп, құжаттамасы жасалды. «Қазақстан және Орталық Еуразияның ежелгі және қазіргі азулылары» атты ұжымдық иллюстрациялы ғылыми кітап және музейлік көрме әзірленуде.

Сонымен ғалымдар – Т.Қартаева, Рената Сала, Деом Жан-Марк, А.Бейсеғұлова, Б.Қожахметов «Қазақы тазы тұқымын өсіру және қорғау» бойынша Ұлттық комиссия құрамына енгізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға