Жаңалықтар

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?
Фото: Жеке мұрағат 26.05.2023 15:09 2706

Бүгін елімізде соңғы кездері қарқынды дамып келе жатқан еріктілер қызметі жайлы сөз қозғамақпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы №135 Жарлығымен 2020 жылы Еріктілер жылы деп жарияланған болатын. Содан бері бұл бекзат қызмет белсенді түрде қарқын ала бастады. Жалпы ерікті деген кімдер? Олар немен айналысады? Осы және осы қызметке қатысты өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында Алматы қаласындағы еріктілер ұйымдарының жұмысына шолу жасап шыққан едік.

Алдымен ерікті (волонтер) деген терминге тоқтала кетсек, ол латынның «voluntarius» деген сөзінен шыққан. Ерікті – тегін жұмыс істей отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуға ұмтылатын адам. Ол волонтерлік қызмет қағидаларына негізделген қызметті жүзеге асыруға үлес қосатын кез келген жеке тұлға, оның ішінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар да болуы мүмкін.

Әлемде бұл сөз алғаш рет 1600 жылдан бастап қолданыла бастаған. Басында ерікті сөзі соғысқа өз еріктерімен сұранып барғандарға қатысты қолданылған екен. Уақыт өте келе ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс істейтін адамдарды да осылай атау қалыптасқан. Осы уақытқа дейін еріктіліктің үш түрі белгілі: ерікті-менеджер, олар осы саладағы басшылық құрамда жұмыс істейді, 2-еріктілердің көмекішілері, олар тіркеуші, хатшы, телефон операторы, тазалаушы, күзетші сынды көмекке мұқтаж адамдарға қажет кезінде ғана көмек көрсететін тұлға, 3-ерікті - тікелей көмек көрсетуші, олар «клиент-ерікті» принципі бойынша әрекет етеді, - дейді, алматылық белсенді еріктінің бірі Еркінгүл Тоқжан.

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Еріктілердің тарихына байланысты қойған сауалымызға Еркінгүл былай деп ой қозғады: «Менің ерікті болып Азиадада бастадым, міне 12 жылдан асты. Осы аралықта Еріктілер қауымының тарихы да мені қатты қызықтырды. Содан осы қызметке қатысты барлық мәліметтерді жинастырып жүремін. Мәселен, осыдан алпыс жыл бұрын, 1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының еріктілері» деген халықаралық ұйым құрылған екен. Аталған ұйымның басты мақсаты – әлемдегі еріктілердің қызметін жан-жақты дамыту. Сол уақыттан бері әлемнің барлық елінде 5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер күні аталып өтіп келеді. Себебі бүгінде әлемдегі еріктілердің саны 1 млрд адамға жуықтады. Сонымен қатар, аталған ұйым жыл сайын еріктілер қызметінің жай-күйі жайында арнайы есеп дайындайды. Оған БҰҰ мүше елдердің еріктілері өз есептерін жіберіп отырады».

Еркінгүл айтып өткен ақпаратқа қосарымыз, БҰҰ еріктілері ұйымына мүше 17 елдің бірі ретінде Қазақстан өз аумағында 1993 жылдан бері еріктілер қызметін барынша дамытып келеді.

Өзіміз де куә болған ең үлкен шара Алматы мен Астана қалаларында өткен 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындары кезінде Алматы қаласы Еріктілерінің шұғыл штабында төраға орынбасары болып қызмет еттік. Сонымен қатар, 2017 жылғы Қысқы Универсиада мен ЭКСПО-2017 сынды халықаралық ірі шаралар еліміздегі еріктілерге деген көзқарасты түбірімен өзгертіп, жедел дамуына жол салды.

Еліміздегі ең ірі еріктілер ұйымының бірі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан еріктілері Лигасы» қоғамдық қоры. Ол ұйымның елдің барлық аймақтарында бөлімшелік кеңселері бар. Жалпы қазіргі кезде еліміз бойынша 200 астам еріктілер ұйымы тіркелген. Олар «Жүректен жүрекке», «Мейірім», «Шын жүректен», «Үмітің үзілмесін», «Жан жылуы» деген сияқты түрлі атаулармен ірі қалалар мен ауылдарда қызмет атқаруда. Жоғарыда келтірілген санның жартысынан астамы еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласына тиесілі. Себебі Алматы - жастар қаласы, еріктілер қаласы десек артық айтқандық емес.

Осы ретте Алматы қаласындағы белсенді еріктілердің бірі, «Qamqor Charity» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Бекболатқызы Анарбаеваға бірнеше сауал қойып едік.

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

- Бағдат, Алматыда жалпы қанша еріктілер ұйымы бар және оған қанша азамат тартылған?

- Біздің қаламызда еріктілердің көптеген ұйымдары, бірлестіктері мен топтары бар. Жалпы 100-ге жуық осындай ұйымдар, 30-ға жуық үлкен ауқымда жұмыс істейтін ірі еріктілер ұйымы бар. Қала бойынша ресми тіркелген еріктілердің саны 50 мыңнан асады.

- Олардың жас ерекшеліктері мен ұлттық сипаты қандай?

- Жас бойынша айтар болсақ, бізде кішкентай баладан бастап егде тартқан қарттар да бар. Олардың арасында қазақ, орыс, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, кәрістер болса, ең кішкентайы 12 жаста, ал, үлкені 60 жастан асқан зейнеткерлер де бар.

- Алматыдағы еріктілердің негізгі жұмыс бағыты қандай, яғни қай салада қызмет атқарады?

- Біздің Алматы қаласындағы еріктілер волонтерлік жұмыстардың барлық бағытын қамтиды. Яғни ол жерде экология, әлеуметтік сала, медицина, қайырымдылық жасау, жануарларға көмек көрсету дегендей. Ал нақты денсаулық сақтау бағыты бойынша айтар болсам, «Медицина жастары» деген республикалық ұйымның және «Қызыл Жарты ай» халықаралық ұйымының қалалық филиалдары бар, сонымен қатар біздің еріктілер төтенше жағдай кезінде де көмек көрсетеді. «Лидер.Кз», «Қазақстан еріктілері Лигасы» сынды республикалық ұйымдар осы бағытта белсенді қызмет атқаруда.

Бірақ шыны керек, соңғы жылдары өте көп еріктілер әлеуметтік салада, сонымен қатар соңғы уақытта экологиялық бағыттағы еріктілердің саны көбеюде. Жастар, үлкен кісілер осы бағытқа көңіл бөліп, іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Мысал үшін айта кетейін, осы көктемде біздің қаладағы белсенді азаматтардың бастауымен өте ауқымды сенбілік өтті. Еріктілердің бастамасымен бұдан басқа да экологияға қатысты түрлі деңгейдегі шаралар жүзеге асырылып келеді.

Білім беру салалары бойынша да біздің еріктілер белсенді. Мысалы, олар аз қамтылған отбасындағы балаларға, мұқтаж адамдарға немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, балалар үйлерінде тәрбиеленген балалар болуы мүмкін, соларға өзінің бойында бар қабілеті мен білімін тегін үйретеді.

- Еріктілердің жұмысы елімізде қаншалықты заңдастырылған, яғни қандай нормативтік-құқықтық актілер аясында қызмет атқарып жүр. Қызмет барысында қандай құқықтық жауапкершіліктер бар?

- Еріктілер жұмысы елімізде заңдастырылған. Яғни 2016 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Еріктілер қызметі туралы» заң бар. Ол жерде бұл қызметтің негіздері толықтай жазылған. Сонымен қатар еріктілер ұйымы ресми тіркелгеннен кейін жыл сайынғы есеп беру туралы шарттары да бар. Белгілі бір жұмысты атқарған кезде қызметтің әділ әрі ашықтығы заңмен реттелген. Бірақ бұл жерде ең бастысы, еріктілер жұмыс атқарған кезде, шыны керек, заңнама негізінде емес, шын жүректен көмектессем деген ниетпен қызмет атқарады десем болады.

Осындай нәзік жанды алматылық еріктінің бірі, «ARU Foundation» қоғамдық қорының президенті Раушан Әділбайқызы Әбілдаева да бар. Ол ерікті қызметімен сонау 2016 жылдан бастап айналысып келеді екен. Бүгінде өзінің қоғамдық қоры және онда қызмет атқаратын Қазақстан бойынша 80 еріктісі бар. Оның айтуынша, өз еркіңмен қарапайым халыққа көмектесу, ол отбасындағы тәрбиеге байланысты.

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Өзім қарапайым отбасынан шықтым. Әкем дәнекерлеуші, анам үйде. Сондықтан олар маған бала кезімнен «қолыңнан келгенше елге көмектес» деп үйреткен болатын. Қазір қарт кісілерге, жесір әйелдерге, көпбалалы отбасыларға, ДЦП, аутизм диагнозы бар бөбектерге және жетім балаларға көмек жасаймыз. Маңғыстауда құрғақшылық пен жұттан мал қырылғанда, өзім барып Талдықорғаннан 300 түк шөп жібердім. Таразда жарылыс болған кезде командаммен 180 адамға жететіндей азық-түлік, яғни гуманитарлық көмек жіберген болатынбыз. Алматының мешіттерін 300-ден аса «Құран Кәрім» кітабымен қамтамасыз еттік, - деп ағынан жарылды.

Қазіргі кезде ерікті бола жүріп, осы салада біраз қызметтік белестерді бағындырып үлгерген жастардың қарасы да көбейіп келеді. Сондай зерделі жастың бірі Айнұр Ертайқызы Траисбаева. Ол Алматы қаласында ерікті болып 2019 жылдан бері айналысып келеді. Осы саладағы жұмысын «Алматы қаласы Еріктілер лигасы» қоғамдық бірлестігінде бастаған. Сол бірлестікте жүріп 2020 жылы «Жас қадам. Үміт» бағыты бойынша үйлестірушінің орынбасары болып тағайындалып, сосын үйлестіруші болып қызмет еткен. 2023 жылы «Qamqor Charity» қоғамдық қорына қабылдандып, жақында ғана төрайымның орынбасары болып тағайындалған.

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Айнұрдың айтуынша, еріктілердің қызметі барынша ашық түрде жүргізіледі. Еріктілер ұйымдары барлығы максималды түрде ашық жұмыс болуы үшін өздерінің демеушілерінен қолдау көрсетер кезде физикалық түрде немесе өздерінің өнімдерін заттай әкеліп берулерін сұрайды. Яғни қаржылық шоттарға ешқандай аударым жасамай, қолма-қол, қаржылық операциялар жасамауды өтінеді.

«Алматылық ұйымдардың шетелдік еріктілер ұйымдарымен ынтымақтастық байланыстары бар ма?» деген сауалымызға:

Біздің шетелдік еріктілер ұйымдарымен байланысымыз бар. Ол Түркияда болған жер сілкінісі кезінде анық көрінді деп айтсақ болады. Біз сол елдің еріктілер ұйымдарымен байланысқа шығып, біздің «QazVolunteer» тобы Түркиядағы зілзала болған жерге барып, сол жақтағы ағайындарға көмектесіп қайтты, - деп жауап берді.

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Айнұрдың бұл сөзін Бағдат Бекболатқызы да толықтырды.

Қазіргі таңда шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық пен қатар тәжірибе алмасу да бар. Бізде халықаралық деңгейде жұмыс істейтін еріктілер қозғалыстарының филиалдары жұмыс істеп жатыр. Мысал үшін айтар болсақ, алдыңғы жылы, дәстүрлі түрде өткізілетін жыл сайынғы Еріктілер форумына өзге елдердің азаматтары келген болатын. Сол жерде өзге елде көмек қалай көрсетілетінімен танысып, біздің елде қалай іске асатыны жөнінде тәжірибе алмасқан болатынбыз. 2022 жылы біздің ерікті жастар екі елдің арасындағы келісім негізінде Түркия еліне бардық. Біз сол елде жастар саясаты қалай дамып жатыр, оның ішінде волонтерлік қызмет қалай көрсетілетіндігін білу мақсатында түркиялық кәсіптес ұйымдармен жақын таныстық. Сонымен қатар біздің елдегі еріктілердің ұйымдары немен және қалай айналысатыны жөнінде, қандай жетістікке жеткені жайлы әңгімелеп, таныстырып қайтқан болатынбыз, - деді Бағдат.

«Алматыдағы еріктілерді қаржыландыру көздері бар ма?» деген сауалға Бағдат Бекболатқызы былай деп жауап берді:

«Алматы қаласында көптеген еріктілер ұйымдары барын жоғарыда айтым, олардың қаржыландырылуы әртүрлі. Кейбіреуі қаржыны өздері табады, кейбіреуін қайырымдылық қорлар қаржыландырады. Еріктілер ұйымдарын қолдаудың әртүрлі жолдары бар. Алматы қаласында Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асатын осы бағыттағы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бар. Одан бөлек республикалық деңгейде волонтерлік жұмыстың әртүрлі бағыттары бойынша қайтарымсыз кішігірім граттар қарастырылған. Таяуда еріктілердің фронт-офисі ашылған. Осының негізінде қаладағы барлық еріктіге қолдау көрсетуге мүмкіндік бар деуге болады. Бұл фронт-офис - координациялық орталық. Ол жерден қарапайым адамдар да, ерікті болғысы келетіндер де немесе енді ғана ашылып жатқан еріктілер ұйымы болса да келіп ақыл-кеңес алуына болады. Мұндай еріктілер фронт-офисі еліміздің барлық ірі қалаларында ашылғанын да айта кетейін».

Елге қолдан келгенше қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасау дегеніміз, келген қонақты «құдайы қонақ» деп қабылдап, асарлатып үй салып, топ болып киіз басатын баяғыдан келе жатқан қазақтың қанына сіңген қасиет десек артық айтқандық емес. Еріктілік сол ізгі салт-дәстүріміздің бүгінгі таңдағы заманауи түрі десек те болар.

Осы ретте ойымызды қорытындылау үшін «жалпы ерікті деген біздің қазіргі қоғамға керек қозғалыс па?» деген сауалымызға Раушан ханым: «Әрине керек. Қазір барлық жасөспірім волонтер болуға атсалысуда. Шын ниеттерімен көмектесуге әрдайым дайын. Менің ойымша, қазіргі жастар дұрыс бағытта. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірге отырып біз үлкен белестерді бағындырып келеміз. Мен еріктілерді мақтан етемін!» - деп жауап берсе,

Қазақстанда еріктілер қызметі қалай дамып келеді?

Айнұр Ертайқызы: «Еріктілер, олар үлгі алуға тұрарлық тұлға. Олардан балалар да, үлкендер де үлгі алады. Олардың қатарында осындай қызметке қызығушылық танытқандар және осы қызметке мұқтаж болғандар да бар. Ұлттық құрамға байланысты айтар болсам, ешқандай бөлінушілік жоқ, барлығы бір-біріне толеранттылықпен қарайды. Сондықтан елдің жаман ойы болмас үшін олардың іс-әрекеті максималды түрде таза, ашық, шыншыл болуы керек. Еріктілердің шын сөзі мен таза ісіне нұқсан келтірмеуі тиіс» - деп толықтырып өтті.

Айта кетейік, Астана қаласында биылғы 20-21 маусым аралығында Халықаралық еріктілер форумы өтетіні белгілі. Оған әр өңірдегі ірі еріктілер ұйымдарының басшылары мен еңбек өтілі көп еріктілер қатысады деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға