Жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өсті - Үкімет

Қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңгеге дейін ұлғайды
Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өсті  - Үкімет
01.01.2023 17:25 2635

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі.

Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын ұйымдар да разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа санаттағы қызметкерлердің жалақыларын ұлғайту жағына қарай қайта қарайтын болады.

Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

Сондай-ақ 2023 жылы республика өңірлерінде шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды. Бұл жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бес жылда жобаға 1 трлн теңге бағытталмақ, бұл 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға