Жаңалықтар

Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі артып келеді

Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі артып келеді
Фото: atr.kz 07.03.2023 13:19 1416

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл мәселе Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаралып отырғанын еске сала кетсек, артық болмас.

Аталған мәселе туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді. Әйелдерге қатысты кемсітуді жою және теңдікті ілгерілету жөніндегі нормалар Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған.

2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. Сондағы 17 міндеттің 12-сі – гендерлік-сезімталдыққа қатысты. Соған сәйкес республикамыз гендерлік даму саласындағы реформаларды сәтті жүзеге асырды деуге болады. Нәтижесінде еліміз  2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша 15 сатыға көтеріліп, халықаралық рейтинг көрсеткіші бойынша 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді.

Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, елімізде қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан асып отыр. 9,2 мыңнан астам әйел (39%-ы) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың арасында министрлер, Агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

Мәселе бойынша сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың елімізде 4,3 млн әйел еңбек үстінде екенін айтты. Бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ын құрайтын көрсеткіш.

Т. Дүйсенова өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілу үстінде екенін айтты. Мәселен, 536 мың әйел жұмысқа орналастырылды, бұл барлық жұмысқа орналастырылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.

Әйелдер денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, әйелдерге арналған жаңа цифрлық шешімдер туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, әйелдер бизнесін қолдау бағдарламалары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

Мәселені Премьер-министр Әлихан Смайылов қорытындылады. Оның айтуынша, өмірде көптеген елде әйелдер қауымы гендерлік кедергілерге тап болатынын анық. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2022 жылғы мәліметтері бойынша, гендерлік алшақтықты жою үшін әлем халықтарына әлі 132 жыл қажет. Осы ретте еліміздің, әлемдік рейтинг бойынша 15 тармаққа көтеріліп, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде өз орнын жақсартқаны атап өтерлік жайт.

«Біздің елімізде әйелдер мемлекеттік басқару ісіне тең дәрежеде қатысады, белсенді қоғамдық қызмет жүргізіп, бизнес-жобаларды іске асыруда. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі – 45%. Бұл АҚШ пен Түркия сияқты елдерге қарағанда, жоғары көрсеткіш», –  деді Үкімет басшысы. 

Елімізде гендерлік жағдайдың жақсара түскені мына көрсеткіштен де байқалады. Жыл басынан бері бала күтімі бойынша әйелдерге жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Одан бөлек Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі.

Дегенмен шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Осыған орай Премьер-министр перинаталдық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Олардың көпшілігі талапқа сай емес. 

Үкімет басшысы қаралып отырған мәселеге байланысты басқа да проблемаларды атап көрсетіп, тиісті мемлекеттік органдарға осы жөнінде шаралар қабылдап, жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға