Жаңалықтар

Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді

Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді
Фото: © El.kz 14.10.2024 19:00 98

15-16 қазан күндері Астана қаласында Қазақстандағы Арменияның мәдениет күндері өтеді. Бұл күндерге орай  бірқатар мәдени іс-шаралар жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, армян киносы күндерінің ашылуы Астана қаласындағы «Кинопарк 7 IMAX Керуен» кинотеатрында өтетін «Армян анимациясының сиқырлы әлемі» анимациялық бағдарламасымен басталады. Сонымен қатар, қазақстандық көрермендерге режиссер Арман Чилингарянның «Жарық тамшылары» көркем фильмі ұсынылады.

Ал мерекелік концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтеді. Онда Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі өнер көрсетеді. Айта кетсек, Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі 1938 жылы құрылған КСРО-ның алғашқы джаз ұжымдарының бірі. Әйгілі музыканттарымен, бай репертуарымен танымал ұжым бүгінде әлемдегі ең үздік оркестрлердің бірі. Сонымен қатар, мәдениет күндері аясында Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған фотокөрме ұйымдастырылады. Көрмеде Сергей Параджанов музейінің мұрағатынан 45 фотосурет ұсынылады. Оның 20-сы белгілі кинорежиссердің күнделікті өмірі мен шығармашылық ойларына, ал 25-і көркем туындыларына арналған.

16 қазанда режиссер Эдгар Багдасарянның «Яша и Леонид Брежнев» атты көркем фильмі көрсетіледі.

Қазақстандағы Арменияның мәдениет күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтетін Соса Саркисян атындағы «Амангаин» мемлекеттік театрының «Лю-Беф» спектаклімен қорытындыланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға