Қазақстанда әр балаға Ұлттық қордан 129,38 доллар берілді
Қазақстан Ұлттық банкі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шоттарына кезекті қаржы аударылатынын хабарлайды, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банк мәліметінше, бағдарлама аясында әр балаға 129,38 АҚШ доллары бөлінді. Барлық қатысушыға төленген жалпы сома – 888,8 млн АҚШ доллары. 2024 жылдың аяғында бағдарламаға қатысушы бала саны 6 921 035 болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы алғашқы төлемдер 2024 жылы жүргізілген еді. Ол кезде әр балаға 100,52 АҚШ доллары бөлінген. Бұл қаражат – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18 жасқа толмаған балаларға аударатын міндеттемесі.
Жыл сайынғы аударым мөлшері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтеріне және оның ұзақмерзімді инвестициялық табысына байланысты болады. Қаражаттың жартысы осы табыстан бөлінеді. Сонымен қатар, балалардың шотына аударылған қаражат Ұлттық қордың инвестициялық портфелінде сақталып, қосымша табыс әкеледі, - делінген мәліметте.
Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде әр балаға жалпы 232,94 АҚШ доллары жинақталды. 2025 жылғы 31 қаңтарда осы ақпаратты eGov mobile мобильді қосымшасынан және kids.enpf.kz сайтынан алуға болады.