Жаңалықтар

Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші рекордтық деңгейде төмендеді

Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші рекордтық деңгейде төмендеді
Фото: ДСМ 25.02.2025 17:54 103

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінде акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған шаралар талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ДДҰ бағалауы бойынша, Қазақстан осы көрсеткішті жақсарту динамикасы жоғары 10 елдің қатарына кірді. Халықаралық ұйымның есебінде республикадағы ана өлімі соңғы 20 жылда 76%-ға төмендегені белгілі. Бұл жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге арналған медициналық көмектің нәтижесі.

2024 жылы Қазақстанда алғаш рет ана өлімінің ең төмен көрсеткіші тіркелді, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан қабылданған жүйелі кешенді шаралардың, сондай-ақ алғашқы буын деңгейінде сарапшылардың, акушер-гинекологтардың, босандыру қызметі мамандарының көпбейінді командасының бірлескен жұмысының нәтижесі болды. 2023 жылмен салыстырғанда ана өлімі жағдайларының 12%-ға төмендеуіне қол жеткізілді, бұл 100 мың тірі туғанға шаққанда 10,1-ді  құрады, - деп атап өтті өз сөзінде Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, босандыру саласында 706 қауіпті жағдай тіркелді. 2021 жылдан бастап қауіпті жағдайлардың 40%-ға төмендеуі байқалады, алайда жүктілік кезінде алғаш рет диагноз қойылған ауыр соматикалық патологиялары бар жүкті әйелдердің өсуі байқалады.

Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудегі жағдайды жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын өңірлермен «Акушерлік сағат» өткізеді, ауыр патологиясы бар әйелдерге күн сайын мониторинг жүргізеді.

Былтыр Ұлттық шұғыл медицина орталығымен бірлесіп 906 жүкті және босанған әйелге 2140 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді; санитариялық авиациямен 165 ұшу орындалды; жергілікті жерде 9 әйелге операция жасалды; облыстық және республикалық клиникаларға тасымалданған ауыр жағдайдағы 127 әйелдің өмірін сақтап қалды.

Босану саласында анестезиология-реаниматология, кардиология, хирургия, нейрохирургия, инфекция, пульмонология, тамыр хирургиясы, гематология, урология, гастроэнтерология және т. б. салаларда 40-тан астам жетекші маманды, профессорды және ғылыми және республикалық клиникалардың қызметкерін тарта отырып, телемедициналық консультациялар практикасы кеңінен енгізілуде.

Жалпы практика дәрігерлерінің жүктілік денсаулығы үшін емхана деңгейіндегі жауапкершілігін күшейту қажет, олардың дағдылары мен білімдерін кеңейту мақсатында білім беру бағдарламаларын қайта қарау, жергілікті жерлерде кадрларды тарту, олардың біліктілігін арттыру үшін ынталандыру жасау, сондай-ақ ең қиын учаскелерде -  біздің перзентханаларымыз бен перинаталдық орталықтарымызда жұмыс істейтін мамандардың мәртебесін көтеру. Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуде, ең алдымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жергілікті жерлерде реанимация және анестезиология мәселелерін шешуде нақты басымдық беру керек, - деп атап өтті А.Әлназарова.

Патологиясы, күрделі жағдайлары бар жүкті және босанған әйелдерді уақтылы анықтау және емдеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы бағдарламаны бекітіп, босандыру бойынша 25 басым клиникалық хаттаманы қайта қарады. Сондай-ақ, босандыру қызметінің өзекті мәселелері бойынша жетекші бейінді мамандардың қатарынан көпбейінді топтар құрылды. 

Жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге медициналық көмекті одан әрі жетілдіру үшін «Аналар саулығы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі фертилдік жастағы әйелдерді (ФЖӘ) профилактикалық қарап-тексерулердің және динамикалық байқаудың сапасын жақсартуды жоспарлап отыр. Бұл жүктілікке дейін экстрагениталдық ауруларды анықтауды арттыруға, әйелдерді контрацепциямен қамтуды 40%-ға дейін және прегравидалдық дайындықты 45%-ға дейін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ аудандық буын дәрігерлері мен акушерлерінің біліктілігін арттыру, оқыту орталықтары базасында ротация және тағылымдама бағдарламалары іске асырылатын болады, ҰТСО РҚБ деңгейінде медицина қызметкерлерінің білімін бағалау жүргізіледі. Биыл 20 өңірден 100 үйлестіруші акушер даярлау жоспарланып отыр.

Ауруханаішілік инфекциямен күресу мақсатында босандыру ұйымдарының қызметіне жетекшілік ету үшін 40 госпиталдық эпидемиолог – үйлестірушіні даярлауды көздейтін  «Инфекцияға жол жоқ» бағдарламасы әзірленеді, инфекциялық бақылау бойынша жаңа индикаторлар енгізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға