Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІм мәліметінше, жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.
Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады, - делінген мәліметте.
«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.
