Қазақстанда АЭС салуға қажеттіліктің туындауына екі мәселе әсер етіп отыр
Дәл қазір АЭС салу көпшілікті алаңдатқан мәселеге айналды десек артық айтқандық емес. Мұқым ел атом реакторы қажет пе, жоқ па деген сауалдың төңірегінде қызу пікірталас жүргізіп жатыр. Бір тарап энергетикалық дефицитті алға тартса, екінші тарап қауіпсіздікке алаңдайды. Талайдан бері талқыланған мәселе күзде, жалпыұлттық референдум кезінде шешімін табуға тиіс. Осы орайда, Қазақстанға АЭС салу төңірегінде ой қозғауды жөн көріп отырмыз.
Тақырыпқа кіріспес бұрын мына мәселеге назар аудара кеткен жөн. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында АЭС мәселесін референдумға шығару туралы ұсыныс жасады. Президент атом электр станциясын салу немесе салмау еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе екеніне тоқталған болатын.
Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек, -деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан кейін гу-гу әңгіме басталды. Түрлі пікірлер ортаға салынды. Бүкіл ел референдум туралы хабардар болғанымен, оның нақты мерзімі жарияланған жоқ. Тек биыл, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде межелі мерзім күзге белгіленгенін мәлімдеді.
Қазақстанда АЭС салуға қажеттіліктің туындауына екі мәселе әсер етіп отыр. Біріншісі – жаһандық жылынудың алдын алу үшін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Екіншісі – энергетика тапшылығы.
АЭС салу мәселесі қайдан шықты?
Мәселені тереңінен бастасақ. Ғалымдардың жаһандық жылыну туралы дабыл қағып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Өнеркәсіптік революция басталғалы әлем елдері ауаға миллиондаған тонна көмірқышқыл газын шығарып келеді. Соның салдарынан жер анамыздың орташа температурасы көтеріліпті. Сөйтіп, мәңгілік мұз саналатын Арктика мен Антарктида, биік шыңдардағы мұздықтар жөн-жосықсыз ери бастаған.
Егер жаһандық жылыну осы қарқынмен кете берсе, келешекте шартарапты топан су басуы мүмкін. Өйткені Антарктидадағы мұздықтар ерісе, әлемдегі теңіз деңгейі алпыс метрге дейін көтерілуі мүмкін. Демек, арал мемлекеттерді былай қойғанда, әлемнің көптеген елі қиындыққа тап болады.
Сонау 1992 жылы БҰҰ аясында төрткүл дүние Киото келісіміне қол қойды. Алайда кейінгі жағдайлар бұл құжат жеткіліксіз екенін көрсетті. Сол себепті 2015 жылы әлем елдері Париж келісімін жасасты. Аталған құжатқа сәйкес, әрбір мемлекет ауаға бөлетін парникті газдар көлемін біртіндеп азайтуға тиіс. Ал 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі қажет.
Қазақстан да бұл келісімге қосылғаны белгілі. Соған сәйкес, еліміз 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын 15 пайызға төмендетуге міндетті. Яғни, зиянды шығарылымдар мөлшерін 330 млн тоннадан асырмауы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеген.
Көмірге тұншыққан «тоғызыншы территория»
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстаннан бөлінген парникті газдар көлемі 342,9 миллион тоннаға теңескен. Ал Халықаралық банктың деректеріне сай, көмірқышқыл газының шығарылымы 271,18 миллион тоннаға шамалас.
Енді, мына қызыққа назар аударыңыз. Жыл сайын ауаға бөлінетін зиянды газдардың басым бөлігі көмірден шығады. Мысалы, көмір тұтыну салдарынан 2022 жылы 152,7 миллион тонна көмірқышқыл газын атмосфераға таратқан екенбіз. Бұдан кейінгі орында мұнай (61,33 миллион тонна), газ (37 миллион тонна) және өрт (11,51 миллион тонна) тұр.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстандағы электр стансаларының басым бөлігі қазба отын пайдаланады. Жоғарыда шығарылымның түрі бойынша мәлімет келтірдік қой. Ал жұмсалу бағыты бойынша қарастырсақ, зиянды газдың басым бөлігі жылу және электр энергиясын өндіру кезінде бөлінеді екен. Яғни, жыл сайын жайлы үйде жатып, жарықты пайдалану үшін шамамен 116 миллион тонна көмірқышқыл газын атмосфераға таратуға тура келеді.
Міне, АЭС салу туралы әңгіменің бір ұшы осыған барып тіреледі. Париж келісіміне сәйкес, Қазақстан шығарылым көлемін 2030 жылға қарай 330 миллион тоннаға дейін азайту қажет екенін жоғарыда айттық. Егер жылу мен электр қуатын өндіруде көмір мен қазба отындарды қолдануды азайтып, «жасыл энергетикаға» көшсек, бұл міндеттемеге қол жеткізу қиын болмайды.
«Жасыл энергетика» әлегі
Шығарылымды азайтудың бірден-бір жолы баламалы және жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану. Қазіргі таңда бұған жел, күн, су секілді энергия көздері кіреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Еуропалық одақ атом энергетикасына да «жасыл» деген мәртебе берді.
Әрине, идеалды әлемде күннің сәулесінен тоқ өндіріп, жел мен суды жарық шығаруға пайдалансақ қанекей. Бірақ аталған энергия көздерінің де кемшіліктері бар. Мысалы, Су электр стансаларын көптеп салу үшін суы мол өзендер қажет. Солардың бойына су қоймасын тұрғызып, электр энергиясын алуға болады.
Дегенмен Қазақстан ағыл-тегіл өзен өтетін елдің қатарына кірмейді. Ол былай тұрсын, жазда дихандарға су жетпей қалатыны жасырын емес. Оның үстіне, ел аумағынан өтетін өзендердің басым бөлігі көршілес мемлекеттерден бастау алады. Сондықтан қуатты ГЭС салуда Қазақстан әжептеуір қиындыққа кезігеді.
Жел энергиясын өндіруде де жиі айтылмайтын мәселелер бар. Біріншіден, жел турбиналарын орнатуға ауқымды жер қажет. Шүкір, Құдай қазаққа жерді аямай берген. Бірақ бірнеше турбина арқылы көп тоқ өндіру мүмкін емес. Бір мысал келтірейін. АҚШ-тың Вирджиния штатында «Вогтль» деген атом электр стансасы бар. Осы АЭС шығаратын электр қуатына пара-пар энергияны өндіру үшін штаттың 20 пайызына жел турбинасын орнату қажет.
Екіншіден, алып турбиналар түрлі құстың миграциясына зиянын тигізеді. Мысалы, әлемде жыл сайын 15 миллионға жуық жарқанат турбиналарға соқтығысып өледі екен. Соның салдарынан тек қолқанаттылар тозаңдандыратын өсімдіктер саны азая бастаған. Яғни, бұл да көзге көрінбейтін зиянының бір жағы.
Үшіншіден, турбиналар ауа райына байланысты жұмыс істейді. Әрдайым жел соға береді дегенге ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті тынық күндері алып қалқаншалардан пайда болмайды. Төртінші мәселе – осы қалқаншаларды қайта өңдеуге байланысты. Оншақты жылдан кейін жел турбиналардың тозатыны белгілі. Ал оларға қойылған ірі-ірі қалқаншаларды қайта өңдеу де үлкен шаруа.
Күн энергиясы да осыған ұқсас. Мол тоқ өндіру үшін ауқымды жерге орнату қажет. Бәлкім, шалғайдағы шағын ауылдарды қамтамасыз етуде күн панельдері таптырмас мүмкіндік шығар. Алайда Астана мен Алматы секілді ірі қалаларға қажетті тоқты өндіруге тиімсіз саналады.
Бұдан бөлек, тәулік бойы күн сәулесі түсіп тұрмайтыны тағы рас. Қыста, тіпті, күн қысқарып кетеді. Мұндай уақытта панельдердің тиімділігі күрт құлдырайды. Бұл да үлкен кемшілік. Сол секілді панельдерді қайта өңдеу, утилизация жасау да қиындық туғызады.
Сарапшылар не дейді?
Талай жыл атом энергетикасы саласында қызмет еткен Бауыржан Ыбыраевтың сөзіне сүйенсек, АЭС-тің қуаты басқа энергия көздеріне қарағанда әлдеқайда жоғары.
Мысалы, күн панельдері мен жел турбиналарының тиімділік көрсеткіші 20-25 пайыздан аспайды. Ал атом реакторларында бұл көрсеткіш 94 пайыздан жоғары. «Егер Қазақстанда шағын бір реактор салсақ, оның қуаты Қапшағай ГЭС-інен 15 есе жоғары болады,- дейді Бауыржан Ыбыраев.
Энергетика сарапшысы Алмаз Әбілдаев та АЭС-тің экологиялық тұрғыда пайдасы мол екенін алға тартады. Оның келтірген деректеріне сай, қазіргі таңда Қазақстанда тұтынылатын көмірдің 75 пайызы жылу және электр тоғын өндіруге жұмсалады. Маманның пайымдауынша, бір атом реакторы салынған жағдайда бұл көрсеткішті 55 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік болады. Сол себепті А.Әбілдаев Қазақстанда үш АЭС салу қажет екенін алға тартады.
Бірнеше жыл «»Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамын басқарған Мұхтар Жәкішев те атом стансаларынан ешқайда қашып құтыла алмайтынымызды алға тартады. Оның пайымдауынша, адамзат түптің-түбінде жаппай атом энергетикасына көшеді.
«Кейбіреулер жасыл энергетика, Германиядан үлгі алыңдар, 34 пайызы жасыл энергетика деген пікір айтады. Жарайды. Енді, Германияға мұқият үңілейік. Егер онда күн көзі жабылып, жел тоқтап қалса, оларды кім қамтамасыз етеді? Франция және қасында орналасқан басқа да Еуропа елдері қамтамасыз етеді. Өйткені онда біріңғай энергия жүйесі бар.
Франция атом стансаларымен, Польша көмір стансаларымен қамтамасыз етеді. Тұрақты энергетика көздері арқылы. Ал бізді кім қамтамасыз етеді? Кім қамтамасыз ете алады? Жарайды, 34 пайызын жасыл энергетика қылайық. Күн мен желден энергия өндіре алмай қалған кезде, кімге өтініш жасап, «бізге электр энергиясын беріңдерші» деп жалынамыз?, -дейді Мұхтар Жәкішев.
Тоқсаныншы жылдар қайта оралуы мүмкін
Түрлі болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 6 гигаваттқа жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде мұның алғашқы белгілері байқала бастады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізге импортталған электр тоғының мөлшері бес есеге артқан. Яғни, тұтынылатын электр қуатының 15 пайызы көршілес елдерден сатып алған екенбіз. Айта кетерлігі, еліміздегі электр өндірісі былтыр 2022 жылмен шамалас болды. Демек, бұдан сұраныстың көлемі жыл сайын артып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, былтыр Қырғызстаннан 13,5 миллиард кВт сағат, Ресейден 4,3 миллиард кВт сағат энергия импорттағанбыз. Әсіресе, айыр қалпақты ағайындардан сатып алған электр тоғының көлемі 8 пайызға ұлғайыпты. Бұл оңтүстік өңірде тапшылық күннен күнге артып келе жатқанын көрсетеді. Мұның есесіне оларға қомақты қаражат төлеуге тура келген.
Егер жағдай осы қалпында қала беріп, ертерек қамданып, іске кіріспесек, келешекте тоқсаныншы жылдарға қайта оралуымыз мүмкін. Жарықты белгіленген мерзіммен беріп, үнемдеуге тура келеді.
Алаңдайтындардың неден қауіптенеді?
Әлеуметтік желідегі, қоғамдық талқылаудағы халықтың пікіріне құлақ түрсек, көпшілік АЭС-тің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға зиянына алаңдайтынын аңғару қиын емес. Әрине, Қазақстан үшін атом өте нәзік тақырып. Талай жыл Семей полигонында жүздеген бомба жарылды. Оның зардабын әлі күнге тартып келеміз. Бұдан бөлек, Чернобыльдегі апатқа куә болғандар, соны естігендер жетерлік. Сондықтан халықтың алаңдауы түсінікті.
Дегенмен қауіптенудің реті жоқ. Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, заманауи АЭС-тер әлемдегі ең үлкен ұшақ «Боинг 747» келіп соқтықса да мыңқ етпейді. Атом реакторлары салу кезінде бүкіл қауіпсіздік талаптары сақталады. Табиғи апаттарға да төтеп береді.
Оның үстіне, атом энергетикасын бақылайтын МАГАТЭ деген ұйым бар. Аталған ұйым әлемдегі бүкіл АЭС-тің қалай жұмыс істеп тұрғанын әрдайым тексеріп отырады. Реакторда қолданылатын уран өте радиоактивті болғандықтан, МАГАТЭ бұл мәселеге мұқият қарап, радиацияның таралмауына мүдделі.
Қазақстанда АЭС салынып жатса, оның қауіпсіздігіне ең әуелі осы МАГАТЭ мән береді. Алда-жалда бір түймешенің өзі талапқа сай келмесе, ұйым реакторды қосуға рұқсат бермейді. Ал МАГАТЭ-тің ақ батасы берілмеген бірде-бір АЭС жұмы істемейтінін ұмытпаған жөн. Әрі құрылыс кезінде жұмсалатын қаражаттың 40 пайызы тікелей қауіпсіздікке бағытталады.
Бұдан бөлек, АЭС-тің қауіпсіздігіне оны салатын компания да мүдделі болады. Себебі атом реакторы құрылысы қымбат жоба. Қыруар қаражат жұмсалады. Қауіпсіздік талаптары жоғары. Сол себепті оны жүргізетін компанияға абырой мен бедел қымбат. Бүгін құрылысты жүргізіп, ертең тарап кететін үй салатындар секілді емес. Егер қандай да бір ақаулық шықса, оған басымен жауап береді де, бүкіл абыройынан айырылады. Сосын басқалар олардың қызметіне жүгінбейді.
Назар аударатын келесі мәселе – Қазақстанда су-сулы реактор орнату жоспарланып отыр. Қазіргі таңда әлемде 416 атом реакторы бар. Соның төрттен үші заманауи типтес, су-сулы реактор саналады. Бұған дейін мұндай реакторларда апат былай тұрсын, ақаулық шыққан емес. Мамандардың есептеуінше, осындай АЭС-терде миллион жағдайда бір рет қана ақаулық шығуы мүмкін.
Айтпақшы, Украинада соғыс жүріп жатқанына екі жарым жылдан асып кетті. Былай қарасаңыз, Украинада бірнеше АЭС жұмыс істеп тұр. Кейбірі Ресей бақылауына алған аймақта қалды. Күнде снаряд жарылып, бомба түскеніне қарамастан, атом реакторлары мызғымай жұмысын жалғастырып жатыр.
Қауіпсіздік басты мәселе
Былтыр Қазақстанға МАГАТЭ-нің мамандары келіп, Балқаш көлінің маңын тексеріп кетті. Сарапшылар Алматы облысы атом реакторын салуға жарамды деген шешімді бір ауыздан қабылдапты. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді, зілзала да қауіп төндірмейді.
Елімізде АЭС салынуы мүмкін деген әңгіме шыққанда, ықтимал мекен ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы аталды. Атом реакторы Балқаш көлінің маңында орналасуы мүмкін. Бірақ бұған да қарсылар табылғанын айта кеткен жөн. Көл тартылып қалуы мүмкін, радиоактивті су төгіледі деген сыңайдағы пікірлер айтылды.
Дегенмен мұның бәрі алып-қашпа әңгімеге сүйенген. Біріншіден, АЭС-ке қажет су Балқаш көлінің табиғи булануының 0,3 пайызына да жетпейді. Көлге құятын өзендер жеткілікті. Сондықтан атом реакторы оның тартылуына әкеліп соғады деген пайым шындыққа жанаспайды.
Екіншіден, Балқаштан алынған су қайтадан кері төгілмейді. Арнайы канал тартылып, су қоймасы жасалады да, реакторды салқындатуға қажет су сонда сақталады. Әрі су тікелей уранмен байланысқа түспейді. Реакторда қалың қабат орналасқандықтан, радиация суға өтпейді. Бұған дәлелді мынадан-ақ байқауға болады. Әдетте, АЭС-тің маңындағы су қоймалары өте таза сақталады. Онда тек таза суда өсетін балықтар жіберіледі. Қазіргі таңда мұндай қоймаларда түрлі жарыстар ұйымдастырылып, балық аулайтындар жетерлік.
Қазақстан уран өндіруден бірінші орында тұр
Әдетте Қазақстанда Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент кездеседі деп мақтанамыз. Бұл пікір шындыққа жақын. «Тоғызыншы территорияда» жер асты байлығы мол. Сондай байлықтың қатарында уран бар. Қазіргі таңда Қазақстан барланған уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұр. Елімізде шамамен 900 мың тонна уран анықталған. Бұл – әлемдегі жалпы уран қорының 14 пайызын құрайды.
Ал уран өндірісі бойынша Қазақстан шартарапта бірінші орында тұрғанын айта кеткен абзал. Сонау 2009 жылы Қазақстан уран өндірісі бойынша алғашқы орынға шықты. Содан бері топ басынан түскен емес. Бүгінде еліміз әлемдік нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Уранның ерекшелігі сол, қазба отындар секілді пайдаланған соң жойылып кетпейді. Қолданылған уран отынын арнайы контейнерге сақтап, біраз уақыттан кейін байытып, қайта қолдануға мүмкіндік бар. Әлемде уран қоры жеткілікті болғандықтан, АЭС-і бар мемлекеттер әзірге бұған бас қатырып жатқан жоқ. Бірақ күндердің бір күні бұл мәселеге оралатыны анық.
Осы орайда, атом реакторларының ұзақ мерзімді жоба екеніне назар аударған жөн. АЭС кемінде 70-80 жыл жұмыс істейді. Бұл мерзім аяқталған соң да электр тоғын өндіре беруге болады. Оның үстіне, реакторлардан электр тоғын өндіру үшін көп уран қажет емес. Мысалы, 4,5 грамм ядролық отын 350 кг мұнайға, 400 кг көмірге, 360 метр куб табиғи газға тең. Кез келген қазба отыннан мыңдаған есеге аз. Қазақстан уран өндіру бойынша бірінші орында тұрғанын ескерсек, атом реакторларына отын тауып беруден еш қиындық туындамайды.
Егер 2400 МВт өндіретін атом реакторы 60 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істесе, ары кеткенде 120 вагон ғана қалдық шығарады екен. Салыстыру үшін мысал келтірейін. Экібастұздағы ГРЕС бір жылда 5000 вагон улы газды ауаға бөледі. Бұдан бөлек, мыңдаған тонна күл шығарылады. Яғни, экологияға үлкен зардабын тигізеді.
Қиындыққа тап болған Германия
Шартарапта төрт жүзден аса реактор бар екенін жоғарыда келтірдік. Солардың көбінде заманауи реакторлар орнатылған. Қазақстанда АЭС салуға қарсылар АҚШ-ты, Германияны мысалға келтіріп жатады. Оларға сенсек, аталған мемлекеттер біртіндеп атом реакторларын жауып жатыр-мыс. Германия түсінікті. Ангела Меркель кезінде саяси ұпай жинау үшін елдегі бүкіл АЭС-ті жабуға шешім қабылдады.
Биыл немістер соңғы атом реакторының жұмысын тоқтатты. Сол-ақ екен Германияның шетелден сатып алатын электр энергиясы күрт артты. Мысалы, электр қуатының 70 пайызын АЭС-тен өндіріп отырған Франциядан импорттайтын электр тоғы бірнеше есе өскен. Яғни, түптеп келгенде бәрібір атом энергетикасын тұтынып отыр.
Оның үстіне, АЭС-ті жапқаннан кейін елдегі энергетика бағасы күрт өсіп шыға келді. Radian Energy group басқарушы директоры Марк Нельсонның айтуынша, Германия атом реакторларын жапқаннан кейін көмірқышқыл газы шығарылымы күрт көбейген.
Қазба отындар бағасы рекордтық деңгейде арзандаған кезде, Германиядағы электр энергиясының құны әлемдегі ең қымбат бағада сатылды. Елдегі соңғы атом реакторы жабылғанда, Германияда энергетикалық дағдарыс орнады, - дейді М.Нельсон.
Украинаға Ресейдің басып кіруінен кейін салынған санкцияға байланысты Еуропа елдері солтүстіктегі көршімізден сатып алатын газ көлемін азайтқан еді. Сөйтіп, немістер біраз қиындыққа душар болды. Сондықтан шығар, кейінгі уақытта Бундестагта атом электр стансаларын қайта ашу туралы әңгіме айтыла бастады.
Әлем атом энергетикасына мұқтаж
Мұхиттың арғы бетінде кейінгі 10 жылда бірнеше реактор жабылғаны рас. Дегенмен негізгі себеп, кей АЭС-тің пайдалану мерзімі аяқталып, лицензиясы қайтарылып алынды. Есесіне, осы ғасырдың өзінде АҚШ оншақты атом электр стансасын салды. Кей АЭС-тегі реакторлар санын көбейтті. Келешекте тағы 9 реакторды салуды жоспарлап отыр.
АЭС-тің жабылуы мен көмірқышқыл газы шығарылымының көбеюі АҚШ-та да байқалды. 2021 жылы Нью-Йорктегі «Индиан пойнт» АЭС-і жұмысын тоқтатты. Бірақ келесі жылы өңірдегі парникті газдар бөлінуі күрт артып шыға келген. Париж келісіміне сәйкес, Ақ үй 2050 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеттемесін алған. Таяуда Рейтерс агенттігі АҚШ-тың жабылған атом реакторларын қайта іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, әлемнің көптеген мемлекеті АЭС-тің қызығын көріп отыр. Финляндияда тұтынатын электр қуатының 35 пайызын атом реакторларынан өндіреді. Өткен жылы скандинавиялық мемлекет бесінші реакторын іске қосты. Словенияда АЭС өндіретін электр тоғы сұраныстың 36 пайызын қамтамасыз етеді. Чехиядағы атом реакторлары сұраныстың үштен бірін атом реакторының өндіріп отыр. Словакия бұл көрсеткіш 55 пайызға тең.
Қазіргі таңда атом энергетикасына қызығатын елдер саны артып келеді. Мәселен, Эстония АЭС салу қамымен жүр. Шағын атом реакторларын пайдаланып, 2030 жылға қарай қазба отынға тәуелділікті мүлдем төмендетуді жоспарлаған. Бұдан бөлек, Түркия, Бірікке араб әмірліктері, Беларусь, Бангладеш, Египет секілді елдер атомды бейбіт мақсатта пайдаланудан үмітті.
Қорыта айтқанда, шартарап атом энергетикасына мұқтаж болып тұр. Қазақстан да бұл тізімге қосылудан үмітті. Өйткені энергетика саласындағы түйткілдер осыған итермелеп отыр. Енді, АЭС салу мәселесі күзде өтетін жалпыұлттық референдум барысында шешіледі.