Қазақстанда 814 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары егілді

Еліміздің өңірлерінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық белсенді түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта 6,1 млн гектар алқапта ылғал жабу, 1,8 млн гектарда тұқым себуге дейінгі өңдеу және 1,1 млн гектарда көктемгі жырту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оңтүстік өңірлерде 813,8 мың гектар жерге егіс егілді, оның ішінде: Алматы облысында – 103,4 мың га, Түркістан облысында – 229,3 мың га, Жамбыл облысында – 287,8 мың га, Қызылорда облысында – 33,4 мың га, Батыс Қазақстан облысында – 25,2 мың га, Атырау облысында – 2,7 мың га, Жетісу облысында – 116,8 мың га, Шымкент қаласында – 15,3 мың га.
Атап айтқанда, егілген дақылдардың құрылымы мынадай: дәнді дақылдар – 418,6 мың га, мал азықтық дақылдар – 151,7 мың га, көкөністер – 41,7 мың га, картоп – 17,3 мың га, бақша дақылдары – 34,4 мың га, майлы дақылдар – 84 мың га, мақта – 42,4 мың га, қант қызылшасы – 7,6 мың га және басқа да дақылдар, - делінген мәліметте.
2025 жылға арналған минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспары 1,9 млн тоннаны құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, қазіргі уақытта 729,2 мың тонна тыңайтқышты сатып алуға келісімшарттар жасалған.
Көктемгі егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 254 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15%-ға арзан. Бекітілген кестеге сәйкес, 244,6 мың тонна дизель отыны жөнелтілді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биылғы жылға тұқым қажеттілігі 2,3 млн тоннаны құрайды (100% дайындалған). Оның ішінде 1,6 млн тонна тұқым сапасына алдын ала сараптама жүргізілген, олардың 99%-ы кондициялық деп танылған. Тұқымдарды жаппай тексеру сәуір айының ортасында аяқталады.
