Жаңалықтар

Қазақстанда 6 мыңнан астам адам несиеден құтылудың жолын үйренді

Қазақстанда 6 мыңнан астам адам несиеден құтылудың жолын үйренді
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 19.05.2023 12:21 841

«AMANAT» партиясы Halyk Bank және «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірге «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасының аралық қорытындысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоба аясында 6 мыңнан астам отандасымыз оқудан өтті. «Ұлы дала» қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, оқыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының қажетін ескере отырып әзірленді. Отандастарымыздың қаржылық сауатын арттыруға атсалысып жатқан сарапшылар қаржы мәселесі қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақытта несие қарызының санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтардың әрекетін қалай анықтауға болатынын және қаржы пирамидасынан қалай аулақ болу керек екенін түсіндіруде.

Қаржылық сауат әр адамға қажет. Жоба аясында берілетін білім өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етіп, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады. Оқуға әлеуметтік мәртебесі мен материалдық жағдайы әртүрлі адамдар келеді. Біз ауыл тұрғындарын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтарды, сондай-ақ несие қарызы бар және борышкерлер тізімінде тұрған жандарды оқытамыз, – деді Ақмарал Бекмұрзаева.

Қазақстанда 6 мыңнан астам адам несиеден құтылудың жолын үйренді

Спикерлер жеке қаржыны тиімді басқару, қатысушылардың өз шығындарын оңтайландыруды қалай үйренетіні, жоба қазақстандықтардың қаржылық мәдениетін көтеру және проблемалық несиелердің санын азайту ісіне қалай көмектесетініне тоқталады.

«Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының президенті Ақмарал Бекмырзаеваның айтуынша, қаржылық тәуелсіз болудың сыры қаржылық сауаттылықта жатыр. Ал «қаржылық сауаттылық дегеніміз - қаржылық бақылау» дейді ол. Сондай-ақ ол жоба барысында кездескен кейстерімен бөлісті.

Бір әйел адам келді. Ол қанша тырысса да қарыздан құтыла алмай жүргенін айтты. Табысы жоғары, миллиондап табыс табады. 10 миллионға құрал-жабдық алып, бизнесін кеңейткен. Ол өзін мұғалім танысымен салыстырды. Ол бірнеше пәтер сатып алып жатыр. «Қарапайым мұғалім пәтер үстіне пәтер алып жатқанда, мен неге пәтер де алмай, қарызға батып жүрмін?» деп сұрады ол. Біз оған табысы мен шығынын жазуды сұрадық. Сол кезде оның қаржылық бақылау жүргізбейтіні анық көрінді, - деді ол.

Сондай-ақ ол тағы бір үй шаруашылығындағы әйелдің мысалын да келтірді.

Біз Ақтөбе облысына барғанымызда үй шаруашылығындағы әйел бізден көмек сұрады. Ол қаржылық жағдайын реттей алмай жүр екен. Ол мұның себебін табысының төмендігімен түсіндірді. Біз одан қаржылық операциялардың бәрін жазып жүруін сұрадық. Не алды, бәрін тәптіштеп көрсетуін сұрадық. Осы қаржылық жазбалардан оның күн сайын дүкенге соғып, 1500 теңгеге чипсы, балмұздақ алатынын білдік. Бұл ақшаны үнемдеп, жинау арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға