Жаңалықтар

Қазақстанда 584 мыңға жуық адам спортпен жүйелі түрде айналысады

Қазақстанда 584 мыңға жуық адам спортпен жүйелі түрде айналысады
Фото: ©El.kz/Ғазиз ШАКИРОВ 18.08.2024 12:10 630

Қазақстанда жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтіледі. Елімізде 4 олимпиадалық даярлық орталығы және 19 олимпиадалық резервті дайындау орталығы бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде 8 млн-нан астам қазақстандық тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл жалпы халықтың 40,4%-ына тең, оның 3 млн-нан астамы ауыл тұрғындары. 300 мыңға жуық бала мен жасөспірім 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында спортпен айналысады.

Республикада жыл сайын әртүрлі деңгейде 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Оған 1,2 млн адам тартылады. Ауылдық жерлерде тұратын 500 мың адам да аталған іс-шаралардан сырт қалмайды. Әсіресе, кейінгі жылдары жүгіру, марафон, велошеру мен веломарафон, спорттық фестиваль секілді жарыстар мен отбасылық іс-шаралар халық арасында кең таныла бастады.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан құрамасы 365 республикалық және шет елдердегі 419 халықаралық жарыстарға қатысты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша спортшыларымыз әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық турнирлерде 482 медаль жеңіп алды. Оның 179-ы – алтын, 146-сы – күміс және 157-сі – қола медаль.

Күні кеше ғана Парижде 33-ші жазғы Олимпия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдеге ие болды.

584 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысады. Бүгінде республикада ұлттық спорт түрлері бойынша 14 спорт клубы мен 13 спорт мектебі бар. Жыл сайын елімізде ұлттық спорт түрлерінен 1 мыңнан астам түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіледі.

2023 жылы спорт және дене шынықтырумен айналысатын ерекше қажеттіліктері бар адамдар саны 56 822-ні құрады. 10 күннен кейін Парижде XVII Жазғы Паралимпиада басталады. Бұл жолы Қазақстан құрамасы рекордтық жолдамаға ие болды. Біздің құрама спорттың 9 түрінен (паражүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэде есу, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау – ерлер, пара ату,пара үстел теннисі, пара дзюдо). 33 лицензия иеленді. Жалпы 44 спортшы Парижге барады. Айта кету керек, каноэде есу (әйел), үстел теннисі және волейболды отырып ойнаудан алғаш рет лицензия жеңіп алдық.

Астанада алдағы 8-13 қыркүйекте осы жылдың айтулы оқиғаларының бірі – Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Дүбірлі додаға жалпы саны 100-ге жуық мемлекеттің делегациясы келеді. 2500 мыңнан астам спортшы бақ сынайды. Бүгінгі таңда 89 ел нақты қатысатынын ресми түрде растады. Көшпенділер ойындарында ұлттық спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға