Қазақстанда 5 мыңға жуық науқас ағза доноры кезегінде тұр
Трансплантология медицинаның дамыған саласының бірі болып отыр. Оны мамандар медицина индикаторы немесе локомотиві деп атайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам науқас ағза доноры тапшылығынан қайтыс болады. Дәрігерлер мәйіттік донорлықтың қажеттілігі туралы үнемі айтып келеді. Алайда халықтың бұған қатысты пікірі қандай? Шариғатта оған рұқсат етілген бе? Жалпы кімдер мәйіттік донор бола алады? El.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауап іздеп көрді.
Трансплантология белгілі бір ауруды медицинада қолда бар шаралармен емдеу мүмкін болмаған жағдайда қолданылатын соңғы әдіс. Органдардың терминалды зақымдалуы, яғни адамның белгілі бір ағзасы өзінің жұмысын, қызметін тоқтатқанда немесе тоқтату алдына дейінгі деңгейге жеткен кезде органарды алмастыру қажет етіледі. Себебі ол кезде емдеудің басқа шаралары көмектеспейді. Бұл ретте траснплантология аса қажет. Трансплантология әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді. Ал отандық мамандар елімізде мәйіттік донор жетіспеушілігінен бұл сала тиісті деңгейде дамымай отырғанын айтады. Жалпы донорлықтың екі түрі бар. Оның бірі - тірі, екіншісі мәйіттік донор деп аталады.
Еліміздегі тірі және мәйіттік донорлыққа заң тұрғысында рұқсат берілген. Алайда оның өзіндік шарттары бар. Мәселен, кез келген адам реципиентке донор бола алмайды. Тірі донор науқастың генетикалық тұрғыда туысы болуы қажет. Ол үшін арнайы құжаттар толтырылады. Донор мен реципиенттің бір-біріне туыс екені дәлелденуі қажет. Олардың генетикалық сәйкестігі әртүрлі лабораториялық тексерулер арқылы дәлелденгеннен кейін ғана трансплантологиялық операциялар жүзеге асырылады. Сонымен қатар тірі донор мен науқастың туыстық қарым-қатынасы органдардың бір-біріне сәйкес келу мүмкіндігін жоғарылатады екен. Ал бөтен адамның реципиентке тірі донор болуына заңмен тыйым салынған. Өкінішке қарай, бізде тірі донор болу үшін көп жағдайда олардың бірінің туыстары ағзасын беруге келісімін бермесе, енді бірінің қарсы көрсетілімдері бар. Ал ондай науқастардың соңғы үміті – мәйіттік донор ағзасын күту. Мамандар көп адам мәйіттік донор дегенді түсіне бермейтінін айтып отыр.
Мәйіттік донорды көп адам жақсы түсіне бермейді. Сондықтан ел арасында алып-қашпа сөздер көп. Адам қандай жағдайда мәйіттік донор бола алады? Ауруханаларда жол апаты немесе өзге де себептермен қайтыс болып жатқан науқастар бар. Олардың алған ауыр жарақаты немесе өзге де аурулары салдарынан ми қызметі мүлдем тоқтатылғанда оларға «ми өлімі» диагнозы қойылады. Тек осы жағдайда олар мәйіттік донор бола алады. Ол кезде ми өлімі анықталған науқастардың сау ағзасы ағзасын алмастыру үшін күту парақшасында тізімде тұрған науқасқа салынады. Мәйіттік донордан тек органдар алынбайды. Тіндері мен қан тамырларын да алуға болады. Айталық, мәйіттік донорлықтың онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуде көмегі орасан. Мәселен, бауырдың, бүйректің немесе басқа да азалардың үлкен күре тамырлары ауырды делік. Бұл кезде онкологтарға ішкі қуыс тамырларында өсіп кеткен ісіктерге операция жасау қиын. Себебі үлкен күре тамырларды кесіп тастаса, қан жүрмей қалады. Ал мәйіттік донордан алынған қан тамырларын онкологтар соның орнына тігіп, операция жасай береді. Былайша айтқанда, қатерлі ісікке шалдыққан науқасты операциямен емдеу мүмкін болмаған сатысында мәйіттік донор арқылы олардың емдеуге мүмкіндік болады. Бұл бір ғана мысал емес, медицинаның басқа да көп салалары: эндокринологияда, мысалға әртүрлі бездерде, қалқанша безі, бүйрек үсті безінің проблемалары болған кезде трансплантация жасалады. Оларды дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес жағдайда шағын органдардың трансформациясы үлкен проблемаларды шешіп береді. Мәйіттік трансплантацияның дамуы бүкіл медицинаның дамуын алға сүйреп отыр. Еуропада, АҚШ-та, Азияның барлық елдерінде, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытайда бұл сала өте жоғары дамыған, -деді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың трансплантология бөлімінің меңгерушісі Советхан Байтеміров.
Тірі донордан тек бүйрек пен бауыры емес, бір жақ өкпесін де алуға болады екен. Сондай-ақ ұйқы безі трансплантациясы жасалынады. Бұдан өзге ішектің фрагменттері тірі донордан алынады. Ал мәйіттік донордан алмастыруға жарамды кез келген орган алынады. Бір айта кетерлігі, тірі донордан алынатын органдардың трансплантациясы кез келген уақытта жасалынады. Бастысы, науқас пен донордың қарсы көрсетілімдері болмауы қажет. Ал мәйіттік донор ағзасын науқас ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда күту парақшасы тізіміне енген мұндай науқастар кезегін күтпей өмірден өтіп жатады.
(Фото: pixabay.com)
Қазақстан бойынша трансплантацияның 95-98 пайызы тірі донорлардың көмегімен жасалынады екен. Ал мәйіттік донор өкінішке қарай саусақпен санарлық. Себебі белгілі бір себептермен ауруханада ақтық демі таусылған адамның сау ағзасын реципиентке салу үшін тірі кезінде өзінің келісімі болуы керек және олардың туыстары рұқсат беруі қажет. Бұл жағдайда аурухана төсегінде қайтыс болған адамның туыстары дереу шақыртылады. Ал олармен сұхбатты трансплантологтар жүргізбейді. Оны үйлестіру мамандары мен медициналық психологтар жүзеге асырады. Келісім беру не бермеу туралы соңғы шешімді қайтыс болған адамның туысы қабылдайды. Ал егер рұқсат берілсе, генетикалық талдауларан басқа адамның қан тобы мен физикалық параметрлері бойынша үйлесімділік болуы тиіс. Егер сәйкестік анықталса, республикалық үйлестіру орталығы мәйіттік донор бойынша күту парақшасында есепте тұрған реципиентті белгілейді. Ескере кететін жайт, Қазақстан заңына сәйкес ағзасы мәйіттік донорлыққа алынған қайтыс болған адамның туыстарына материалдық тұрғыда сыйақы қарастырылмаған. Бұл таза гуманитарлық көмек ретінде есептеледі. Егер ми өлімі диагнозы қойылған науқастың туыстары рұқсат бермесе, қайтыс болған адамның ағзасы алынбайды. Бізде мұндай науқастардың туыстары көп жағдайда келісімін бере бермейді.
Трансплантология бөлімінің меңгерушісі Советхан Байтеміров ел арасында ауруханада орган саудаланады деген әңгіме миф деп отыр. Себебі барлығы құзырлы органдардың бақылауында. Одан өзге кез келген донор ағзасын операциялық жолмен алушы және оны реципиентке салушы мамандар екі бөлек.
Мәйіттік донор болатын адамға ми өлімі диагнозы қойылғанымен оның өзге ағзалары әлі жұмысын тоқтатпайды. Бірақ олар жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратының, кардиотоникалық препараттардың көмегімен бірнеше күн ғана өмір сүре алады. Бірақ мұндай науқастар өлім алдында жатқандықтан бірнеше күннен соң бәрібір қайтыс болады. Қаншама алдыңғы қатардағы дамыған ел болсын, ми өлімі диагнозы қойылған адамды аман алып қалу мүмкін емес. Сондықтан ондай науқастардың сау ағзасын кезек күтіп отырған өзге науқастарға салып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға болады. Осыны адамдар түпкілікті түсінсе, мәйттік донор елімізде дамитын еді. Біздің елдегі заңда көрсетілгендей, ми өлімі диагнозы қойылып, туыстары мәйіттік донорлыққа рұқсат берген күннің өзінде оның ми өлімін дәлелдейтін зерттеулердің нәтижелері консилиуммен құжаттары рәсімделіп, прокуратураға жолданады. Онда арнайы мамандар бар. Барлық құжат тексеріліп, прокуратура рұқсат бергеннен соң ғана трансплантация жасалынады. Сондықтан бұл тұрғыда барлығы ашық. Тағы бір айта кетерлігі, кез келген адам тірі кезінде өздері тіркелген емханалар мен egov.kz электронды порталы арқылы мәйіттік донорлық жағдайына түсіп қалғанда оған келісім беретінін немесе бермейтінін алдын ала белгілеуге құқығы бар. Дегенмен дені сау адам тірі кезінде мәйіттік донорлыққа қарсы еместігін көрсеткен күннің өзінде түрлі оқыс жағдайлармен ауруханаға түсіп, ми диагнозы қойылатын болса да туыстарының рұқсаты алынады. Егер туыстары келісім бермесе, ешқандай әрекет жасалынбайды,-деді дәрігер Советхан Байтеміров.
Осы ретте айта кетерлігі, кәмелет жасына толған кез келген қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім бере алады немесе бас тарта алады. Биылғы алғашқы жартыжылдықтағы мәліметке сүйенсек, небәрі 7 мыңға жуық қазақстандық мәйіттік донор болуға өз келісімін берген екен.
Еуропаның көп елдері мен АҚШ-та, сонымен қатар Азияның бірқатар мемлекетінде «Келісім презумпциясы» деген заң қабылданған. Соған сәйкес ауруханаға түскен науқасқа ми өлімі диагнозы қойылған соң дәрігерлер оның сау ағзасын кезек күтіп отырған реципиентке сала береді. Себебі бұл елдерде қайтыс болған адамның туыстарының ешқандай рұқсаты алынбайды екен. Мәселен, АҚШ-та жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін алар кезде берілетін анкетада «Мәйіттік донор болуға келісім бересіз бе?» деген сауал бар екен. Егер адам келісімін берсе, мәселе сол жерде шешіледі. Жалпы Еуропа елдерінде трансплантацияның шамамен 90 пайызы мәйіттік донордан алынады.
Трансплантологтардың айтуынша, ми өлімі анықталған адамның туыстары келісім берсе де барлығының бірдей ағзалары мәйіттік донорлыққа алына бермейді. Ол үшін белгілі бір критерийлер бар. Біздің елде балалардың ағзалары реципиентке салынбайды. Бұдан өзге Қазақстанда жасы 60-тан асқан адамдардың ағзалары мәйіттік донор ретінде қарастырылмайды. Ал шетелде 70-80 жастан асқандардың органдары алына береді екен. Ал Еуропа елдерінің тәжірибесінде балалар да мәйттік донор бола алады. Біздің елдің заңында тек 18 жастан асқан, кәмелетке толған адам ғана мәйттік донор ретінде қарастырылады.
Донор болу үшін белгілі бір талаптар бар. Мәселен, ми өлімі диагнозы қойылған адамнан туберкулез, вирустық гепатит, ВИЧ сияқты және тағы да басқа қандай да бір инфекциялық аурулар анықталса, ол донор бола алмайды. Одан кейін психикалық ауруы бар адамдар да бұл тізімнен алынады. Бұдан өзге наркологиялық, онкологиялық есепте тұратындар, қант диабы ауруы барлар да донор бола алмайды. Донор болу үшін – дені сау болу қажет. Себебі реципиентке салынған ағза ұзақ жыл жұмыс істеп тұруы керек. Оның үстіне трансплантациялық операциялардың қай түрі болса да ол қымбат емнің түрі болып есептеледі. Оған үлкен күш пен шығын жұмсалады. Сондықтан міндетті түрде нәтиже болуы керек,-деді трансплантолог Советхан Байтеміров.
Мамандар туыстар тарапынан рұқсат берілсе, донорлық ағзаларды барынша жылдам алған дұрыс деп отыр. Алынған ағза арнайы ерітіндісі бар контейнерде сақталады. Бұл ерітінді қарапайым дәріханаларда қолжетімсіз. Өйткені трансплантацияны кез келген медицина мекемесінің жүзеге асыруына рұқсат жоқ. Ағзаларды алу операциялары мемлекеттік лицензиясы мен жоғары технологиялық медициналық жабдығы бар мекемелерде ғана жүргізіледі. Мұнан соң трансплантацияны шұғыл жүзеге асыру қажет. Өйткені арада уақыт созылса, сау ағзаның жарамсыз боп қалу қаупі жоғары. Яғни, уақыт өткен сайын органдардың компенсациялық мүмкіншілігі төмендей береді. Әр органның өзінің белгілі бір жарамдылық уақыты бар. Мәселен, ми өлімі диагнозы қойылып, жансақтау бөлімінде жасанды аппараттың көмегімен бірнеше күн жатқан науқастардың бүйрегінің көрсеткіштері нашарлай бастайды. Ол кезде бүйрек трансплантацияға жарамайды. Сонымен қатар ұзақ уақыт кардиотоникалық препарат күшімен соғып тұрған жүректің басқа адамда жұмыс істеп кету мүмкіндігі төмендейді. Медициналық зерттеулерге сүйенсек, ми өлімі диагнозы қойылған науқастың жүрегін реципиентке ары кетсе төрт-бес сағатта салу қажет. Ал бауырды 8-10 сағатта, бүйректі 12-24 сағатта трансплантациялап үлгеру қажет.
(Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі)
Қазақстанда мәйіттік донорлықтың қажеттілігі туралы кеңінен көтеріліп жүргеніне қарамастан бұл тақырыпқа үрки қарайтындар аз емес. Ал мамандар миы өлген науқасты аман алып қалудың еш мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады. Жасыратыны жоқ, бізде көбі діни наным-сенімге байланысты мәйіттік донор дегеннен ат тонын ала қашып жатады. Алайда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы шығарған пәтуада мәйіттік донорлыққа рұқсат етілген. Ол үлкен сауапты іс болып табылады. Бірақ белгілі шарттар сақталуы тиіс.
Шариғатта мәйіттік донорлыққа рұқсат етілген, бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат болып табылады. Оның бірнеше шарттары бар. Оның біріншісі: ағзасы алынатын адамның қайтыс болғанына медициналық тұрғыда нақты көз жеткізілу қажет және оны аман алудың ешқандай жолы болмаса ғана мәйіттік донорлық жүзеге асырылады. Және де оның ағзасы расымен де басқа адамның өмірін, денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік берсе, рұқсат етіледі. Бұдан өзге операцияның бұл түрін жүзеге асыратын медициналық мекеме сараптамадан өткен мемлекеттік болуы керек және трансплантациялық операция білікті мамандардың нұсқауымен жасалынуы керек. Сонымен қатар қайтыс болған науқастың ең жақын туыстарының жазбаша келісімі болуы қажет және екі тарапқа да ешқандай зиян келмеуі маңызды. Қойылатын шарттардың тағы бірі – ағзаны алуға рұқсат берген және белгілі бір орган өзге науқасқа салынған тараптан ақша талап етілмеуі қажет. Қасиетті Құран Кәрімде «Бір адамның өмірін аман алып қалу – бүкіл дүниедегі адамзаттың өмірін алып қалғанмен тең» деп жазылған. Сондықтан бұл дінімізде сауапты істердің бірі,-деді шымкенттік имам Берік Шотабеков.
Шымкент тұрғыны Гаухар Сержанқызы трансплатнация арқылы ағза алмастыру дегенді бұған дейін бірнеше рет естігенін, тіпті туыстарының бірі бүйрегі алмасқан соң қалыпты өмір сүре бастағанын айтты. Ал мәйіттік донорлықты алғашында үрки қабылдаған. Тек соңғы жылдары дәрігерлердің қайтыс болған адам ағзаларын бірнеше адамның өмірін сақтап қалу үшін жасап жүрген трансплантациялық операциялары туралы ақпараттармен танысқан соң мәйіттік донорлық туралы ойы өзгеріпті.
Біздің әкем жақтағы туысымыздың бірнеше жылдан бері бүйрегі сыр беріп, қателеспесем 4 жылдай бүйрек аппаратына тәуелді болған. Кейін оған өзінің туған бауыры донор болды. Операция шамамен 10 сағатқа созылыпты. Бүгінде өзінің де, ағасының да жағдайы жақсы. Қалыпты адамдарша өмір сүріп жүр. Ал мәйіттік донор дегенді алғашында дұрыс қабылдай алмағаным рас. Осы биыл жазда-ау деймін, бізде Шымкентте 18 жасар жігіттің ағзалары бірнеше адамның өмірін сақтап қалды деген ақпарат шықты. Түрлі телеарналарда, ақпараттық сайттарда кеңінен ақпарат таратылды. Барлығын оқып шықтым десем де болады. Әлгі жігіт жол апатынан қайтыс болған екен. Ата-анасы ағзасын алуға рұқсат беріпті. Нәтижесінде талай жыл денсаулығына байланысты азапты күндерді бастан өткеріп жүрген бірнеше адамның ағзасы алмастырылыпты. Бұл қаншама адамның алғысы, үлкен сауапты іс дер едім. Сондықтан өзім мәйіттік донор дегенге қарсы емеспін. Ешкім мәңгілік емес қой. Бәріміз ерте ме, кеш пе о дүниеге аттанамыз. Ағзамыз жер астында шіріп кеткеннен гөрі мұқтаж адамға берілсе несі айып? Қателеспесем, бұған дінімізде де рұқсат етілген,-дейді 35 жастағы келіншек.
Айта кетсек, Қазақстанда тұңғыш рет жүрек трансплантациясы 2012 жылдың 8 тамызында жасалынған болатын. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлері миға қан кету салдарынан қайтыс болған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы ер адамға салып берді. Күрделі операция 6 сағатқа созылған. Ал биыл шілде айында Шымкентте жүрек трансплантациясы сәтті өтті. Дархан Сүйгенбаев бастаған қалалық «Жүрек» орталығының мамандары жол апатынан қайтыс болған 18 жасар жігіттің жүрегін 58 жастағы реципиентке салған. Жас жігіт жол апатынан қайтыс болған. Оның ата-анасы ұлының ағзасын мәйіттік донор ретінде алуға өз рұқсатын берген. Марқұм болған жігіттің бүйрегімен қатар бауыры да ағзасын алмастыруы қажет болған реципиенттерге салынды. Ал жүрегі алмастырылған 58 жастағы ер адамның жағдайы қазіргі таңда бір қалыпты. Ол – Түркістан облысы Ордабасы ауданында тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, науқас ақ халаттылардың тұрақты бақылауында. Тұрақты түрде белгілі бір медициналық тексерулерден өтіп тұрады. Жүрек трансплантациясы жасалынған пациент ота сәтті аяқталған соң бір айдан кейін үйіне шығарылған. Сондай-ақ биыл шілде айында Астанадағы University Medical Center медицина мекемесінде мәйіттік донорлық органдарды трансплантациялау операциясы сәтті өтті. Геморрагиялық инсульт алған 44 жастағы әйелдің ағзалары бес адамның өмірін сақтап қалған болатын.
Елімізде ағза доноры кезегінде тұрғандар саны жыл сайын артып отыр. Соңғы статистикалық дерекке сүйенсек, 5 мыңға жуық науқас ағза доноры кезегінде тұр. Олардың 170-ке жуығы балалар екен. Донор күтіп отырғандардың 3 мыңнан астамы бүйрек алмастыруды қажет ететіндер. Кезек күтіп отырғандардың мыңға жуығы бауыр, 800-ге жуық адам жүрек трансплантациясын қажет етеді. Биыл алғашқы 7 айда 5 мәйіт донорынан 19 орган трансплантталған. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам науқас донор тапшылығынан көз жұмады екен.