Қазақстанда 4,3 млн әйел жұмыспен қамтылған
Бүгін еліміздің аруларын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған ҚР Үкімет басшысының құттықтауында осындай мәліметтер келтірілген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Үкіметтің ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезеңде әйелдер қауымы қоғамдық өмірдің ең белсенді бөлігіне айналып отыр.
Қазақстанда 4,3 млн әйел жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбек майданында жүрген жалпы халықтың 48%-ы. Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына тұруға бойжеткен қыздарымыз белсенділік танытады. Өткен жылы 30 мыңға жуық жас бойжеткен жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастады.
Мемлекет бизнеспен айналысуға ниетті әйелдерді бүтіндей қолдап келеді. Оларды оқытып, әрі қарай жұмысқа тұруына немесе бизнес әлеміндегі бағын сынауына мүмкіндік береді. Гранттар мен жеңілдікті қарыз бөліп, субсидияланған және кепілдендірілген несие ұсынады.
ЭЫДҰ деректеріне сай, Қазақстанда кәсіпкер әйелдердің үлесі 45%-ды құрап отыр. Бұл – АҚШ және Түркия елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Әйелдердің денсаулығына да зор көңіл бөлініп келеді. Тек 2022 жылдың өзінде ғана ана өлім-жітімінің 2,6 есеге азайғаны – осынау дәйекті жұмыстардың нәтижесі.
Біздің елімізде әйелдер ер-азаматтармен қатар иық тірестіре жүріп, мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысып отыр. Егер 2010 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 52,7% болса, өткен жылы 55,4%-ға жетті.
Үкімет, сондай-ақ, меншігінде мемлекеттің қатысу үлесі бар компаниялар басшылығында әйелдердің үлесін 30%-ға дейін кезең-кезеңмен арттыру шараларын қабылдауда.
Әйелдерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Ана мен баланы қорғау, көпбалалы аналарға, бала асырап алынған отбасыларға көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, үлкендерге қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала бермек.
Қазақстан гендерлік теңдік орнаған қоғам қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2022 жылы Қазақстан осы саладағы табысты реформалардың арқасында «Гендерлік алшақтық индексі» (Global Gender Gap Index) рейтингі бойынша 15 позицияға жоғарылап, 146 елдің арасында 65-ші орынды иеленді.
Мемлекет алдағы уақытта да қазақстандық әйелдердің әл-ауқатын жақсарту үшін бар күшін салады.
«Көрікті көктемнің осынау шуақты күнінде экономиканың сан түрлі саласында еңбек етіп, елдігімізді нығайтуға, кемел ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарымызды баянды етуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Сіздерге шынайы құрметімді білдіруге рұқсат етіңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!», - делінген ҚР Премьер-Министрінің құттықтауында.