Жаңалықтар

Қазақстанда 2023 жылдың соңына дейін 21 халықаралық спорт турнирі өтеді

Қазақстанда 2023 жылдың соңына дейін 21 халықаралық спорт турнирі өтеді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.06.2023 19:08 1341

Осы жылдың соңына дейін Қазақстанда балалар-жасөспірімдер және параспорт жарыстарын қоса алғанда, түрлі көлемдегі 21 халықаралық турнир өтеді. Бұл туралы ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атап айтқанда, елімізде Kazakhstan International Series 2023 бадминтоннан халықаралық турнир (қазан-қараша), сондай-ақ Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан турнир (желтоқсан) жоспарланған. Сонымен қатар, еркін күрестен Д.Қонаев атындағы халықаралық жарыс (қазан-желтоқсан), жеңіл атлетикадан А.Тұяқовтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир (желтоқсан), үстел теннисінен 2023 WTT contender Almaty (29 тамыз - 3 қыркүйек) жарыстары және басқа да спорттық сайыстар бар.

Олимпиадалық емес спорт түрлерінен: армрестлингтен әлем чемпионатын (тамыз-қыркүйек) және джиу-джитсудан AJP Tour Astana Championship халықаралық турнирін ерекше атап, көрсетуге болады. Параспорт: волейболдан Азия чемпионаты (шілде) елімізде өтеді.

Халықаралық турнирлерді ұйымдастырудың бірнеше мақсаты бар. Ең алдымен, бұл спортқа деген жалпы қызығушылықты арттыру және оны танымал ету. Сондай-ақ, мұндай жарыстар біздің спорттық инфрақұрылымымызды пайдалануға, оның әлемдік стандарттарға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді. Ал,  спортшыларымыз жоғары деңгейде құнды тәжірибе алады. Әрине, осындай іс-шараларды ұйымдастыру кезінде біз шығындарды барынша азайтуға баса назар аударамыз, - деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға