Жаңалықтар

Қазақстанда 110 мың адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады

Қазақстанда 110 мың адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады
Фото: ©El.kz 06.11.2024 10:00 358

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер лицензиялаудан өтетін болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді лицензиялау енгізілетінін хабарлады.

Ол халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті лицензиар болып белгіленгенін атап өтті. Процесс толығымен цифрланған.

Меншік нысанына қарамастан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық субъектілер лицензиялаудан өтеді, — деп нақтылады Светлана Жақыпова.

Аталған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда 1021 ұйымда 110 мың адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады, оның ішінде бұл қызметтерді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 177 үкіметтік емес ұйым да көрсетеді.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап Қазақстанда әрбір көрсетілетін қызметті алушының дербестендірілген қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемін айқындауға мүмкіндік беретін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға