Жаңалықтар

Қазақстанда 1 миллион 700 мың адам қауіптің алдында тұр – Мәжіліс депутаты

Қазақстанда 1 миллион 700 мың адам қауіптің алдында тұр – Мәжіліс депутаты
Фото: parlam.kz 20.10.2023 11:12 1045
Бүгін Мәжілістегі «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы тыңдауда депутат Берік Бейсенғалиев 1 миллион 700 мың адам қауіптің алдында тұрғанын айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының 18,1 триллион теңге кредиті бар. Оның тең жартысы кепілсіз несие. Төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жеткен. Оның 63%-ы сол тұтынушылық кепілсіз несиелеуге тиесілі (1 триллион 225 миллиард теңге). Қаржылық тұрақтылық тұрғысынан қауіп алдында 1 миллион 700 мың біздің отандастарымыз тұр, - дейді Берік Бейсенғалиев.
 
Оның айтуынша, коллекторларға сатылған проблемалық қарыз алушылардың саны 2019 жылдан бастап 28 есеге өскен. Бұған жоғары пайыздық мөлшерлеме, борыш жүктемесі коэффициентінің талаптарын сақтамау, тәуекелдердің нашар бағалануы, либералды реттеу негізгі себеп болып отыр.
 
Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшері  56%-ға дейін, ал микроқаржы ұйымдарында – 146-дан 339%-ға дейін жетеді. Осы ретте бұл пайыздар қандай параметрлер мен критерийлер бойынша белгіленген және оған қандай негіздеме бар? - деген заңды сұрақтар туындайды. Микроқаржы ұйымдары жеңілдіктерге ие және саны көп болғандықтан бақыланбайды.  Бұл реттеушінің кемшілігі, - дейді депутат.
 
Ол  2022 жылғы тамыздан бастап проблемалық қарыздарды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелдерін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған деп отыр.
 
Коллекторлық агенттіктердің портфелі тұрақты өсу үрдісіне ие. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 325 миллиард теңгені, ал қарыз алушылардың саны – 882 мыңды құрады. Осы 882 мыңның 80%-зы немесе 702 мыңы микроқаржы ұйымдарынан сатып алыңған борышкерлер.  Көптеген мемлекеттерде коллекторлық агенттіктердің құқықтары заңмен шектелген, онда қарыз алушыны кейбір шамадан тыс мазалау әрекеттеріне қатысты тыйым салынған. Бізде коллекторлардың жұмысы борышкерге жүйелі түрде моральдық тұрғыдан қысым жасап, борышын төлеттіруден тұрады. Қарызды қайта құрылымдау құқығының болғанына қарамастан, бұл құрал іс жүзінде қолданылмайды, - дейді Берік Бейсенғалиев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға