Жаңалықтар

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет ширек финалға шықты

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет ширек финалға шықты
Фото: olympic.kz 13.11.2024 03:36 728

Анталияда Megasaray Tennis Academy ашық грунтты топырақта өтіп жатқан Juniors Davis Cup плей-оффына шыққан алғашқы қатысушылар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Топтық кезеңнің екінші күнінде  теннистен Қазақстан командасы Гонконг құрамасын жеңді. Айта кетсек, мамыр айында Шымкентте өткен Азия іріктеу турнирінің жартылай финалында аталған командамен кездесу өткен еді. Сол ойында Қазақстан 2:1 есебімен жеңіске жетті. 

Бүгінгі сайыстың алғашқы матчын Дамир Жалғасбай (#198 ITF Juniors) мен Николас Чэн (#298 ITF Juniors) бастады. Алғашқы сетте Дамир 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңде Гонконг құрамасының өкілі 6:4 есебімен айласын асырды. Шешуші сетте Дамир 6:3 есебімен жеңіп, мамыр айындағы іріктеуде Чэнге кеткен есені қайтарды.

Келесі ойында Заңғар Нұрланұлы (#77 ITF Juniors) Джек Чэнді (#205 ITF Juniors) жеңді. Бұл ойында тек алғашқы сетте ғана тартысты бәсеке болды, онда Заңғар 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Қазақстан теннисшісі қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай 6:0 есебімен басым түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет Juniors Davis Cup жарысының ширек финалына мерзімінен бұрын жолдама алды.

Айта кетейік, 13 қараша күні Қазақстан құрамасы Францияға қарсы ойнайды. Екі команда да әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға