Жаңалықтар

Қазақстан және Швейцария инвестициялық ынтымақтастықты табысты дамытып келеді

Қазақстан және Швейцария инвестициялық ынтымақтастықты табысты дамытып келеді
Фото: ҚР СІМ 29.02.2024 03:40 1240

Женеваға жұмыс сапары барысында премьер-министр орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «INOKS Capital», «Stadler Rail», «Воѕсhung» және «MSC» швейцариялық компанияларының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

ҚР СІМ мәліметінше, тараптар Қазақстандағы ұлттық экономиканың басым бағыттары – ауыл шаруашылығы, машина жасау, көлік-логистика салаларындағы ағымдағы және жаңа инвестициялық жобаларды талқылады.

Серіктестерге Қазақстанда табысты іске асырылып жатқан экономикалық реформалар, инвестициялық саясат пен преференциялар, Қазақстанда бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы ақпарат берілді. Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тартудағы СІМ рөліне ерекше тоқталып, швейцариялық бизнесмендерге Қазақстандағы өзінің жобалар ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарларын іске асыруға қолдау білдірді, - делінген мәліметте.

Өз кезегінде еуропалық іскер топ өкілдері Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен тұрақты экономикалық өсімін, елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қабылдаған шараларын оң бағалады және ынтымақтастықты әртараптандыруға, перспективалы жобаларды дамытуға, оның ішінде Алматы облысында жеміс бақтарын өсіру мен суаруға, Қазақстанда еуропалық стандарттағы жолаушылар вагондарын және қосалқы жол техникасын өндіруін дамытуға дайын екенін білдірді.

Кездесулер қорытындысы бойынша қаржыландыруды тарту, өндірістерді ашу, оқшаулау және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға