Жаңалықтар

Қазақстан және Болгария көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытады

Қазақстан және Болгария көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытады
Фото: gov.kz 03.10.2023 04:04 674

Көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелерін талқылау мақсатында, Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның көлік және байланыс министрі Георги Гвоздейковпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгімелесу барысында тараптар Еуропа, Орталық Азия елдері және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (Орта дәліз) өсіп келе жатқан рөлі тұрғысынан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды.

Елші В.Темірбаев Орта дәліз бойындағы қазақстандық порттарды дамыту және қуаттылығын арттыру бойынша Үкімет атқарып жатқан жұмыс туралы, атап айтқанда 2025 жылға қарай аяқталуы көзделген Ақтау портындағы контейнерлік хаб және Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы, сондай-ақ Сиань қаласындағы (ҚХР) және Поти портындағы (Грузия) қазақстандық терминалдардың құрылысы туралы хабарлады. Ол, сондай-ақ, осы шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру бойынша қойылған міндеттерді іске асыру бойынша нақты қадамдар екендігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Болгария аумақтарында өткізілетін жоспарланған халықаралық көлік-логистикалық
іс-шараларға өзара қатысу арқылы екі елдің көлік ведомстволары мен іскер топтары арасында тікелей байланыс орнату қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде, Министр Г. Гвоздейков Болгарияның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар үшін көлік-логистикалық хабы болуға әлеуеті бар екенін атап өтті, сондай-ақ Орта дәлізді дамыту мақсатында өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін білдірді. Болгар министрі бұл, соның ішінде, өзара сауда көлемінің ұлғаюына әкелетінін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын қолдауға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға