Жаңалықтар

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі конференцияға төрағалық етуде

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі конференцияға төрағалық етуде
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 05.03.2025 05:34 141

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясында төрағалық етуді бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде конференция төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин халықаралық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, әлемде ядролық арсеналдарды толық жоюды және ядролық қауіп-қатерден азат әлем құруды қолдайтындардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Осы жылы Хиросима мен Нагасакиге жасалған ядролық бомбалауға 80 жыл толатынын еске сала отырып, ол мұндай қайғылы оқиғаның енді қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдау маңызды деген ортақ сенімді білдірді.

Шарт аясында еліміз ядролық сынақтардан зардап шеккендерге тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемнің басқа өңірлерінде де көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударады. Осыған байланысты зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру мақсатында Халықаралық қор құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс ерекше аталып өтті.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу Қазақстанның төрағалығын құптап, еліміздің ядролық қарусыздану процесіне қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.

Апта барысында конференция аясында ядролық қарусыздану саласындағы жетекші әлемдік сарапшылардың қатысуымен тақырыптық пікірталастар өтеді, сондай-ақ жұмыстың алдағы бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасу жоспарланған. Пікірталастарға ресми тұлғалармен қатар азаматтық қоғам өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, ядролық сынақтардан зардап шеккендер және Қазақстанды қоса алғанда, әлемнің көптеген елдерінің өкілдері қатысады.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар антиядролық шартты іске асырудың ең өзекті мәселелері бойынша саяси декларация мен бірқатар шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр. Конференция жұмысына Шартқа қатысушы мемлекеттер мен бақылаушы елдердің 75 делегациясы, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам азаматтық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға