Жаңалықтар

Қазақстан Түркиядан 2 трлн теңгеге қорғаныс техникасын сатып ала ма? Министрлік жауап берді

Қазақстан Түркиядан 2 трлн теңгеге қорғаныс техникасын сатып ала ма? Министрлік жауап берді
Фото: Қорғаныс министрлігі 19.07.2023 09:19 1126

Қорғаныс министрлігі түріктің "Otokar" компаниясынан 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Министрлік бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ. "Otokar" компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана болып табылады, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын, - делінген ақпаратта.

Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады. 

Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады, - деді министрлік.

Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілікке ие болып табылады. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасы басымдық болып табылады.

Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, - делінген ақпаратта.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға